Қамқорлық деген сөзді естісек бірден анамызды ойлаймыз. Ананың балаға қамқорлығынан асқан қамқорлық бар ма? Осындай қамқорлықты көрмеген, ананың ыстық алақаны мен әкенің ыстық құшағын сезбеген балалар қанша екені беймәлім. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол істі жасау әрбір адамның азаматтық парызы. Осы орайда жыл сайын дәстүрге айналған М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Су ресурстары» кафедрасының ұжымының ұйымдастыруымен «Облыстық жасөспірімдер үйі Коммуналдық мемлекеттік мекемесі» балалар үйіне қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылды. Ондағы мақсат балалардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру, әлеуметтік жағдайы төмен балаларға көмек көрсету, балаларды кішіпейілділікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу арқылы ұлттық құндылықтарды балалар бойына қалыптастыру. Жетім балаларға арналған бұл балалар үйінде 18 жастан 23 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Тәрбиеленушілерге қажетті заттар апарып, балалардың көңіл-күйін көтеруге тырысты.
Сонымен қатар «Су ресурстары» кафедрасының 6В08615-«Су ресурстарын басқару» мамандығының 1 курс студенті Кеңес Аяна қызымызға (көмекке мұқтаж көп балалы отбасынан шыққан) 15000т көлемінде көмек көрсетілді.
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтарын қалыптастырады.
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада». Адамға нағыз бақытты -тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөздердің астарында үлкен мән жатыр. Олай болса адам өмірінің мәні -өз ұрпағы.
Әл-Фарабидің «Тек бақытты адамдар ғана ізгі істер атқаруға қабілетті болады» деген ұлағатты сөзін ескеретін болсақ, қазақтың біртуар перзенті М. Әуезовтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деп айтқанындай әрбір дүниеге келген бала тағдыры адам өмірінде маңызды болып қала береді.
Қорыта келгенде, қазақ халқы қайырымдылықты қастерлі ұғым санап, әрдайым өзара жақсылыққа, адалдыққа үндеген бабаларымыз ізгі істі үлкенді-кішілі бөлмей, қоғамда өзара қайырымдылық пен ынтымақ ортасының орнауына ерекше назар аударған. Сондай-ақ, қайырымдылық жасаған адам ешқашан кедейленіп қалмайды «қолы ашықтың – жолы ашық», – деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Сондықтан да Алланың берген рызығынан аз да болса бір бөлігін Хақ Тағаланың разылығы үшін қайырлы істерге жұмсасақ, қоғамға тиер пайдасы мол болатыны сөзсіз.
«Су ресурстары» кафедрасының аға кураторы Байжігітова М.Т.