Новости

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Университет қабырғасында «Ақылды қала (Smart City): энергия тиімділігі мен қозғалыс модельдері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Ұйымдастыру комитеті: Технологиялық факультеттің «Қолданбалы математика және физика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а., PhD доктор Толқын Касенова және «Math&Phys» студенттік ғылыми үйірмесі. 

Дөңгелек үстел мақсаты – облыстық, қалалық және арнаулы орта білім беру ұйымдарымен ғылыми байланысты нығайту, «ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы заманауи зерттеулерді талқылау.

Жиынды Технологиялық факультеттің деканы Абильхан Садибаев ашып, «Ақылды қала» тұжырымдамасының бүгінгі қоғам үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Ол энергия тиімділігі мен цифрлық технологияларды енгізу – заманауи қалалардың тұрақты дамуының негізгі тетігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, университет қабырғасында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің практикалық маңызы зор екенін жеткізді. Жасанды интеллект, математикалық модельдеу және энергияны үнемдеу бағытындағы студенттердің жобалары нақты өмірде қолдануға лайық екенін жеткізді. Декан жас зерттеушілердің белсенділігі мен ізденісін жоғары бағалап, білім беру ұйымдары арасындағы ғылыми байланыстың нығаюы өңірдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға жол ашатынын жеткізді.

Жиын барысында қатысушылар энергия үнемдеу, интеллектуалды басқару жүйелері, жаңартылатын энергия көздері және көлік қозғалысын модельдеу мәселелерін талқылады. Ғылыми зерттеулердің практикалық маңызы мен қалалардың тұрақты дамуына қосатын үлесі ерекше атап өтілді. Университет студенттері өз ғылыми жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, Нұрай Сейітқұл мен Гүлсезім  Тұрыскелдиева «Smart city жүйесіндегі энергия тиімділігі мен қозғалыс процестерін модельдеу» тақырыбында баяндама жасап, қалалық инфрақұрылымды математикалық модельдеу жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, жиынға Жамбыл политехникалық жоғары колледжі студенттері мен қала мектептерінің оқушылары да белсенді қатысты. Қатысушылар «Цифровая ткань города», «Smart city: Энергия үнемдеу», «Сейсмологиялық қауіпсіз мектеп», «Қала экологиясын қорғау», «Ақылды плиткалар – баламалы энергия көзі» сынды өзекті тақырыптарда жобаларын ұсынды. Ал, №3 мектеп-лицейі мен Николай Гоголь атындағы орта мектеп оқушылары инновациялық медицина, автономды көлік жүйесі және қалалық білім беру жүйесінің дамуы бағытындағы зерттеулерімен бөлісті.

Жиын соңында қатысушылар арасында еркін форматта пікір алмасу ұйымдастырылып, ұсынылған жобалардың ғылыми және практикалық қырлары талқыланды. Белсенді қатысушыларға Алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды. Қатысушылар өз кезегінде ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.