Новости

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Университет қабырғасында «Абайдың «Толық адам» ілімі және заманауи білім беру үрдісіндегі трендтер» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Ұйымдастыру комитеті: «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы.

Семинар мақсаты – ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы мұрасындағы «Толық адам» тұжырымдамасын қазіргі білім беру жүйесімен сабақтастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды жаңаша пайымдау және оқыту үдерісіндегі заманауи бағыттарды талқылау.

Басқосуға Академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Ғалымдары одағының төрағасы Оразалы Сәбденұлы, Филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Алшынбекұлы, Филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті Мақсат Әліпхан, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, сарапшылар, әдіскер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары, колледж оқытушылары, мектеп, лицей, гимназия мұғалімдері, жас ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.

Семинардың ресми ашылуында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми-әдістемелік жиынның маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде, Абайдың толық адам ілімінің мазмұнын қазіргі білім беру үдерісімен сабақтастыра отырып, жас ұрпақтың бойына ақыл, жүрек, қайрат үйлесімін сіңіру – бүгінгі педагогиканың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, университет қабырғасында рухани-адамгершілік бағыттағы зерттеулер жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын айтып, ғылыми қауымдастықты бірлескен жобаларға шақырды. Ләззат Қалымбекқызы қатысушыларға сәтті жұмыс тілеп, семинар жұмысына табыс тіледі.

Секция барысында Абайтану мәселелері, тіл біліміндегі жаңа зерттеулер, білім беру жүйесіндегі инновациялық технологиялар, жасанды интеллектінің ықпалы, авторлық бағдарламалар мен ғылыми жобалар кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, Оразалы Сәбденұлы «Әлем, Абай, Қазақстанның сара жолы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, Абай мұрасын әлемдік өркениет контексінде қарастырып, қазақ руханиятының даму жолындағы тарихи сабақтастыққа кеңінен тоқталды. Ғалым Абай іліміндегі ұлттық болмысты сақтай отырып, жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің рухани негізі ретінде бағалады. Ол Қазақстанның даму бағыты мен Абай идеяларының өзара үндестігін атап өтіп, толық адам тұжырымдамасының стратегиялық мәнін терең талдап берді. Ғалым жастар санасында жауапкершілік, адалдық және білімге құштарлық қасиеттерін қалыптастырудың маңызын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Оразалы Сәбденұлы өз шығармашылығындағы кітаптарын семинар қатысушыларына табыстап, ғылыми еңбектерін көпшілікке таныстырды. Ғалым жастар санасында жауапкершілік, адалдық және білімге құштарлық қасиеттерін қалыптастырудың маңызын жеткізді. Ал, Жабал Алшынбекұлы «Хәкім Абайдың даналығы» тақырыбындағы баяндамасын ұсынып, ұлы ойшылдың қара сөздері мен поэзиясындағы терең философиялық ойларға талдау жүргізді. Ол Абайдың адамгершілік қағидалары мен рухани кемелдену идеяларын қазіргі қоғам сұранысымен байланыстыра отырып, толық адам концепциясының тәрбиелік және танымдық әлеуетін жан-жақты ашып көрсетті. Ғалым Абай ілімін жаңаша зерделеудің ғылыми-әдістемелік қырларына тоқталып, білім беру үдерісінде оны тиімді қолданудың жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, Мақсат Әліпхан Абайдың адамгершілік ілімінің рухани-танымдық негіздерін жан-жақты талдап өтті. Ол өз сөзінде, Абай мұрасындағы адам болмысы, ар-ұждан, әділет, мейірім ұғымдарының мәніне тоқталып, бұл қағидалардың бүгінгі қоғам үшін өзектілігін айқындады. Ғалым Абайдың адамгершілік ілімін тек әдеби мұра ретінде емес, тұтас ұлттық тәрбиенің іргетасы ретінде қарастыру қажеттігін жеткізді.

Семинар жұмысы үш бағыт бойынша секциялық отырыстармен жалғасты.

1-секция – Әдебиеттану ғылымдары
«Толық адам» ілімінің абайтанушы ғалымдар еңбектеріндегі көрінісі, қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселелер, ғылыми-әдістемелік жаңашылдықтар талқыланды. Қатысушылар теориялық пайымдармен қатар тәжірибелік ұсыныстарын ортаға салды.

2-секция – Филология ғылымдары
Тіл білімінің өзекті мәселелері, тілдік білім беру саласындағы заманауи зерттеулер мен инновациялық әдістер қарастырылды. Ғалымдар функционалды бағыттағы оқыту әдістемесін жетілдіру жолдарын ұсынды.

3-секция – Оқыту әдістері: білім беру жүйесіндегі заманауи трендтер
Бұл алаңда педагогикалық және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа технологиялары, авторлық бағдарламалар, ғылыми жобалар, жасанды интеллектінің білім беру саласына ықпалы кеңінен сөз болды. Заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалану, оқыту сапасын арттыру және тұлғалық дамуға бағытталған модельдер талқыланды.

Басқосуда ұсынылған баяндамалар мен пікірталастар білім мен тәрбие жүйесін жетілдіруге, ұлттық құндылықтарды заманауи білім беру трендтерімен сабақтастыруға бағытталған нақты ұсыныстармен толықты.

Семинар соңында қатысушылар арасында мазмұнды пікірталас ұйымдастырылып, сұрақ-жауап алаңы өтті. Ғалымдар, оқытушылар мен жас зерттеушілер баяндамаларда көтерілген мәселелер төңірегінде өз ойларын білдіріп, тұжырымдарын ортаға салды. Қатысушылар білім беру процесінде тұлғалық дамуға басымдық беру, рухани-адамгершілік тәрбиені күшейту, функционалдық сауаттылықты арттыру бағытында нақты ұсыныстар айтты. Сонымен қатар, секциялық отырыстарда көтерілген ғылыми-әдістемелік жаңашылдықтар бойынша өзара тәжірибе алмасу жүзеге асты. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.