Тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауда гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болатынына, бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдардың да ауадай қажет екендігіне назар аударды.
«Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн» - деген Елбасының тапсырмасының қазіргі уақытта жүзеге асқанына бәріміз куәміз.
Студенттерге жаңа сапалық деңгейде білім бере отырып, білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау – қашанда заман талабы. Ондай мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекеге қабілеттілік сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналатыны сөзсіз.
«Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек», - деген Елбасының тапсырмасы тез арада жүзеге асып, жастардың дамыған өзге мемлекеттердің білім беру әдісінен тәжірибе алу мақсаты да орындалып, «100 жаңа оқулық» жобасы арқылы дүниежүзіндегі озық оқулықтар ана тілімізге аударылып, жастарға жаңашыл бағытта білім беру жүйесі енгізілді. Кітаптар гуманитарлық оқудың барлық бағыттары негізінде жасақталып, оқулықтардың ЖОО-ның оқу бағдарламаларына кіргені игілікті іс болды.
«100 жаңа оқулықтың» қатарына енетін, әлемге танымал, таңдамалы кітаптардың бірі – «Тіл тарихы» оқулығы. Торе Янсонның (Tore Janson) бұл еңбегі Оксфорд лингвистика оқулықтары (Oxford textbooks in linguistics) қатарына кіреді.
Бұл еңбектен тіл деген не, ол қашан пайда болды, қай халық қандай тілді қолданады, қай тіл көп қолданысқа ие, тілдер қалай жойылады және т.б. сұрақтардың жауабын алуға болады. Бұл кітапта ежелгі дүниеден бастап, уақыт ағысына ілесе отырып, бүгінгі күнді көктей өтіп, алыс болашаққа шолу жасайтын тілдердің жалпы даму тарихы баяндалады. Тілдер қалай қалыптасып, қалай жойылады, он екі мың жыл бұрын қанша тіл болған, олардың тағдыры неліктен әрқилы деген мәселе, түптеп келгенде, тілдерді қолданатын халықтың тіршілігімен тікелей байланысты екендігі сөз болады. Былайша айтқанда, тіл мен тарих – бір-бірімен сабақтаса байланысқан егіз құбылыс. Демек, тарихи оқиғалар да халықтың сөйлеу тіліне байланысты өрбиді. Бұл еңбекте тілдің тарихтағы рөлін көрсету үшін, әлемдегі тілдерге қатысты үлкен мәселелермен қатар, көпшілікке көп белгілі емес, қалтарыста қалып келген тақырыптар да қамтылған.
Оқулықтың «Тарихқа дейінгі кезең» деген 1-тарауында тілдің қашан пайда болғаны туралы айтылады. Библия бойынша Жаратқан Ие топырақтан түрлі жануарлар мен құстарды жаратып, оларға қандай ат берер екен деп Адамға жібереді. Адам қандай ат қойса, олар солай аталатын болады делінген. Сөйтіп, тілдің бір бөлігін қалыптастыру Адам атаның ең алғашқы іс-әрекеті болыпты. Бірақ тіл атаулыны жаратқан Адам ата емес, ол Жаратушы Иенің құзыретіндегі әрекет екенін білеміз. Библия сөйлеу мен ат қою тек адамға ғана тән қабілет екенін айтады. Адам басқа жан иелерінен осы қабілеті арқылы ерекшеленеді. Демек, тіл – адамды басқа жаратылыс иелерінен жоғары қоятын құбылыс. «Адам баласы адам дәрежесіне тіл пайда болғанда жетті» деген болжамдар тілдің адамзат үшін басты қажеттілік екенін дәлелдейді.
Бір өкініштісі, Библияда тілдің нақты қай жылы, қай күні пайда болғандығы туралы еш мәлімет берілмейді, әйтеуір оның ұзақ уақыттан бері пайдаланылып келе жатқандығы бәрімізге белгілі. Ақиқаты - қаншалықты деңгейде болса да, адам пайда болғалы тілдің де өмір сүріп келе жатқандығы.
Оқулықтағы ең қызықты мәліметтердің бірі – тілдің не себепті пайда болғандығы туралы. Басында барлық сүтқоректілерде байланысудың бірнеше ұқсастығы болған. Барлығы да ауыз қуысы арқылы дыбыстар шығарған: ит үреді, мысық мияулайды, тышқан шиқылдайды, жылқы кісінейді т.б. Олардың бір-бірімен түсінісуінде шектеулі ғана сигналдар болады. Ал, адамзат тілі – өзара байланыстың ең жақсы дамыған және бейімделгіш жүйесі. Адамның бір-бірімен түсінісуі өзге сүтқоректілер қолданатын байланыс құралдарынан өзгеше. Адам тілі саны шектеулі дыбыстарды саны шектеусіз хабарлармен араластыру принципіне негізделген. Адамның айтқысы келген кез келген ойын жеткізе алуы – адамзат тілінің күрделі негізгі қасиеті. Адам бір сөз арқылы бір ойды түсіне алады. Мысалы, «оқы», «айт» деген сөздер арқылы не істеу керегін пайымдаса, «Жидекті басқа жерден терейік!» деген ойды түсіну үшін «Жидек!» немесе «Таңқурай!» деп айту жеткіліксіз екендігі анық. Демек, оған сөйлем құрастыруы қажет. Әрине, адам бірден мұндай жағдайға жеткен жоқ, бірақ бірте-бірте іс-әрекеттің нәтижесінде, ұзақ уақыт даму нәтижесінде тілдер осы күнгі деңгейге жетті. Демек, тілдің пайда болуы адамдардың қарым-қатынас жасауы үшін басты қажеттілік болды. Әр халықтың өзінің тілі осылай пайда болып қалыптасты. Тілдерді оңай немесе күрделі деуге болмайды, олардың тек бір-бірінен ерекшеленетінін ескеруіміз қажет. Себебі, әр халықтың тілі өзі үшін түсінікті әрі қастерлі.
Оқулықтағы тарих және жазу туралы айтылған ой қызықты әрі маңызды. Тіл - белгілі бір ұғымды немесе затты, түсінікті белгілейтін және дыбыстауы бар ортақ қабылданған таңбалар жүйесі. Тілдің атқаратын міндеттері тілдің адамзат қоғамындағы рөлімен және тіл бірліктерінің бір тобының екінші бір тобына бағыныштылығымен, оған сәйкесіп отыруымен (мысалы, аффикстер мен түбір сөздердің ара қатынасында) анықталады. Тілдің коммуникативтік қызметі, яғни, «адам қоғамының аса маңызды құралы» болуы және когнитивтік қызметі, яғни «ойлаудың тікелей шындығын» білдіруі - тілдің функцияларының екі негізгі базасы болып табылады. Бұған сезім мен эмоцияны білдіруші құрал ретінде тілдің эмоционалдық қызметін және өзін зерттеу объектісі ететін метатілдік қызметін қосуға болады.
Сөйлеу – адам баласының негізгі қабілеті болса, тағы бір қабілеті – сурет салу. Адам салған ең ежелгі суретке қырық мың жылдай болды, ол – Еуропаның оңтүстігіндегі үңгірлерден және басқа да жерлерден табылған жануарлардың суреті. Демек, сол кездің өзінде-ақ адамдар мүсін, бояу, сурет салу, әрлеу және т.б. өнер түрлерін меңгергені байқалады. Сурет арқылы адамдардың бір-бірін түсінуі – бұл да қарым-қатынас жасауға жатады. «Басқалар көрсін» деп сурет салуының мақсаты – «басқалар естісін» деп сөйлеумен бірдей болған. Бұл екеуі – екі түрлі жолмен жасалатын әрекет. Сурет салу үшін көп уақыт кетеді. Мысалы, жануардың суретін салу үшін бірнеше сағат немесе бірнеше күн кетуі мүмкін, ал «жануар» деп айту үшін жарты секунд та жеткілікті. Бірақ сурет көпке дейін шыдайды, ал сөз тек айтылған уақытында ғана адамға ықпал етеді. Сурет пен сөз ұзақ уақыт бойы мүлде екі бөлек сала болып саналды, бірақ бес мың жылдай бұрын адамзат тарихында өте маңызды революциялық өнертабыс пайда болды. Адамдар заттарды бейнелейтін сурет емес, сөздердің символын жасай бастады, оларды ретпен орналастырып, қайталап айтуға мүмкіндік алды.
Ал жазудың сыртқы сипаты бейнелеудің өзге түрлеріне ұқсас. Мәтін жазу – бір нәрсені айтудан анағұрлым баяу да күрделі құбылыс, дегенмен жазу ұзақ уақыт өмір сүреді. Жазу өзгелерге басқаша жолмен жеткізуге болмайтын ақпаратты ұзақ уақыт бойы қолжетімді етеді. Жазу бізге өткен тарихымыз туралы сенімді мәлімет береді. Тарих басталғандағы кезең деп қоғамда жазу пайда болған кезді айтамыз, ол әр жерде әртүрлі уақытта жүргені белгілі.
Тіл тарихына арналған бұл еңбек бірінші кезекте жазуы бар тілдерді қарастырған. «Жазу тарихтың міндетті түрде болуы керек шарты емес, дегенмен тілді жазу ғана қалыптастырады» деген пікір тамыры тереңде жатқан тілдің жазу арқылы біздің заманымызға жеткенін меңзейді.
Еңбектің «Сөздік қор және қоғам» атты тараушасында тілдердің лексикалық қорының айырмашылықтары жайы сөз болады. Әлемнің барлық тілінде жаңа сөз жасауға немесе өзге тілдерден сөз енгізуге болады. Теория жүзінде кез келген ойды кез келген тілде жеткізу мүмкіндігі бар, бірақ олардың лексикалық қорының айырмашылықтары бар екендігі ескерілуі қажет. Белгілі бір тілдегі сөздер мен сөз тіркестері сол тілде сөйлейтін мәдениетке ғана тән және керек. Сондықтан әр халықтың сөздік қоры да әртүрлі.
Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен қазақ тілі – ежелгі таза қалпын сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше жетілген ұлттық тіл. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралары бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Өткен ғасырда қазақтың бас бостандығы үшін күресіп, құрбан болған қайраткеріміз Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» – деген екен. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Бүгінде елімізде ұлтты ұйыстыру мен халықты біріктірудің басты факторына айналып отырған – мемлекеттік тіл екендігі баршамызға белгілі. Тіл – мемлекеттің негізгі нышаны, ұлттың тарихы.
Қорыта айтсақ, аталған еңбектің тақырып аясы өте кең. Адамзат пен олардың тілдерінің дүние жаратылғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі ахуалын баяндайтын оқулықтың тіл тарихы үшін маңызы зор.
Ғ.Абдыханова – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы