НАУРЫЗ КӨЖЕ – НАУРЫЗ ДӘМ

Бұл мерекенің ерекшелігі – табиғатпен үндестігінде. Жердің тоңы жібіп, қыстың қаһары қайтатын, күн мен түннің теңелетін шағын түркі жұрты  бірліктің, бақыттың, еңбектің, қуаныштың мерекесі ретінде атап өткен. Салтымыз басқа болғанымен, ниетіміз бір болған түркі халықтары, соның ішінде біздің қазақ халқы үшін Наурыз мерекесінің қадір-қасиеті, тәрбиелік мәні өте жоғары. Сондықтан Ұлыс күнін атап өту дәстүрін жастар арасында көбірек насихаттау аса маңызды.

Осы мақсатта М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология және журналистика кафедрасының аға оқытушылары Б.Мырзабаева мен А.Иматаеваның ұйытқы болуымен студенттер Ұлыстың ұлы күніне ерекше даярландық. №1 Студенттер үйінде мерекелік дастархан жасап, жатақхана студенттері мен оқытушыларға дәм татырдық.

«Bauyrsaq&Koje Party» атты іс-шарада университеттің тәрбие жұмыстары мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Алуа Ахмедиярқызы жатақхана жастарын төл мерекемен құттықтап, Ұлыс күнінің құндылығын түсіндірді.

2

Мың бұралған биші қызымыз Гүлдана Жұмаділ өнер көрсетіп,  Аят Бәтей көпшілікке мерекелік арнауын жеткізді. Студенттер арасында интеллектуалдық, асық ойындары ойнатылып, ақын қызымыз Анар Әуесбектің әсерлі жыры көңілімізді жадыратты.

Дастархан басында қонақтарға тағам ұсынып тұрған қыздар ұлттық киім арқылы мәдениетіміз бен өнеріміздің озық үлгісін көрсетті. Адамдардың ынтымағы жарасып, пейілі кеңейетін осынау айтулы мерекеде барлығымыз наурыз көжеден тоя іштік, асты қадірлей білетін қазағымның ұлттық тағамдарынан дәм таттық. Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын Наурыз мерекесін лайықты деңгейде атап өттік деп айтсам артық етпес. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

3

Ұлжан Әбуова,

«Конвергенттік журналистика» ББ-ның 1-курс студенті

Top