Кездесулер мен қоштасулар

Бүгін Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрында "Қоштасқым келмейді" атты драмалық спектакль сахналанды.

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының Таразға жасаған гастрольдік сапарының үшінші күнінде А.Маемировтің режиссерлігімен қойылған бұл туынды көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.
А.Володиннің шығармасы арқау болған әзіл-шындығы аралас қойылымда қоғамда өзектілігін жоғалтпаған отбасы кикілжіні,ерлі-зайыптылар арасындағы ажырасу мәселесі көтеріледі. Сан түрлі тағдырға жолыққан сегіз отбасы әр алуан себептермен некесін бұзбақ болып сотқа жүгінеді. Сот орындаушысы бір-біріне қырғи қабақ болған ерлі-зайыптыларды татуластырмақ болып барын салады. Отбасылық құндылықты кеш түсінген олар,ақыр аяғында өз шешімдерінің дұрыс емес екеніне көздері жетеді.

Басты рөлдегі Витя мен Катяның арасындағы сезімге толы махаббат дастаны көрермен көзіне оттай басылып,құбылмалы көңіл күй сыйлағаны сөзсіз,себебі олардың әр сахнасында бір-біріне мүлде ұқсамайтын оқиға желісі мен шын ғашықтың жарқын бейнесі суреттеледі...
Сахнада қойылған спектакльдің сюжеті мен идеологиялық сипаты адам санасына айтарлықтай әсер етіп, ерлі-зайыптылар арасындағы алауыздықтың шешімі-"ажырасу" емес екенін үйретеді. Театр ұжымы гастрольдіі сапарды төртінші қазан күні өтетін А.Құнанбайұлының қара сөздері негізінде Ж.Жұманбайдың жетекшілігімен сахналанған "Қара" спектаклімен аяқтамақ. Спектакльде Абай және оның ойлары кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиетін қазіргі заман мен бүгінгі қоғам аясында қарастырып,татулық пен бейбітшілікті,адами және ұлттық құндылықтарды дәріптейді.

Серпен Серікболсын,
Конвергенттік журналистика, 2-курс

Top