Жалпы, студенттер тек журналистика ғана емес, Полиция департаментінің жұмысы туралы да айтылған кездесудің куәсі болды. Әртүрлі жол-көлік оқиғалары мысалға алынып, қарақшылық, ұрлық, зорлық-зомбылық сияқты қылмыстардың жай-жапсары баяндалды. Г.Мұхтарқұлова Полиция қызметкерлерінің имиджін көтеру жолында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Студенттердің арасында интернеттегі алаяқтық, бейне-бақылау камералары, қаржы пирамидасының құрбандары туралы қойылған сұрақтарға спикер жұмыс барысы мен өмірден мысалдар келтіре отырып, толымды жауап берді. Бір кездері облыс әкімінің баспасөз хатшысы болғанын айтып, ол жұмыстың да ерекшелігі мен қыр-сырына тоқталып өтті. Жастарға қылмыстың алдын алу бағытында да ақыл-кеңес беріп, тәртіпке бағынуға, құқықбұзушылыққа жол бермеуге шақырды. Осылайша, танымдық, тағылымдық тұрғыдан алғанда тағы бір кездесу аяқталды. Студенттер көтеріңкі көңіл күймен шығып, спикерге рақметін айтып жатты.
Жас журналистер клубының кезекті кездесуі өтті
Бүгін Дулати университетіне Жамбыл облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова келіп, журналистика ББ бойынша білім алып жатқан студенттермен кездесті.
Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеті «Филология және журналистика» кафедрасының Жас журналистер клубы ұйымдастырған шараға әр түрлі топтардан 30-ға жуық студент қатысып, еркін форматта әңгіме-сұхбат өрбіді.
Департаменттің баспасөз қызметінде қанша адам жұмыс істейді, олардың тікелей міндеті мен атқаратын қызметі қандай деген қарапайым сұрақтардан бастап процес барысында болатын қызықты және қиын сәттер туралы бүкпесіз әңгіме айтылған жиында қатысушылар да белсенділік танытты. Жас журналистер үшін Полиция департаментінен ресми ақпарат алу жолдары, ол қалай жиналатыны, өңделетіні, таратылатыны, БАҚ-пен байланыс орнатудың маңыздылығы, басқа баспасөз қызметінен айырмашылығы, бәрі-бәрі қызықты болғанын осы тақылеттес сұрақтар үсті-үстіне қойыла бергенінен байқалды.