Латын таңбасында ұлттық әліпбиге көшудің маңыздылығы

12 сәуір – Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күніне орай  Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеті "Қазақ және орыс тілдері" кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен  сәуірдің 18-і күні аталмыш факультет кешенінің 1.3 404 дәрісханасында «Латын таңбасында ұлттық әліпбиге көшудің маңыздылығы» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілді. Іс-шараны ұйымдастырған аға оқытушы Букенова Ж.С.

Бүгінгі таңда елімізде латын әліпбиіне көшу әлі де екі жақты тартыс пен талас тудырып отырған мәселе болып табылады. Халықаралық деңгейде ойлайтын ойшылдарымыз бен ұлттың нағыз жанашырлары латынға көшуді дәріптесе, кейбір зиялылар қауымы тарихтың бұл үрдісіне әліге дейін қарсы болып келеді. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым мен жазылым талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.

Осы тұрғыда еліміздегі тілші ғалымдарымыздың зерттеу тәжірибелік еңбектерімен жақынырақ танысып дәріптеу мақсатында, яғни латын таңбасында ұлттық әліпбиге көшудің маңыздылығы бағытында факультет оқытушылары мен студенттері зерттеу танымдық жұмыстарын жасады. Көпшілікке келесідей тақырыптағы өздері дайындаған презентациялық баяндамаларын ұсынды: «Латын әліпбиінің шығу тарихы», «Араб, латын және кирилл қаріптеріне қалай өттік? «Латын негізінде қазақ әліпбиі – ұлттық жаңғыру бастауы», «Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа көкжиегі», «Латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиіне көшудің маңызы мен рөлі», «Латын әліпбиіне көшу – тарихи құбылыс».

Әрі қарай семинарда оқытушылар мен студенттер жаңа латын әліпбиіне көшудегі айтылған баяндамалар негізінде өз көзқарастарын пікірсайыс түрінде ортаға салды. Іс-шара әрі қарай қазақ тілінің өткені мен бүгіні жайлы викториналық сұрақтармен ұласты.  Семинар маңыздылығын қорытындылай келе жауапты оқытушылар семинарға қатысып, ерекше белсенділік танытқан студенттер мен оқытушыларды диплом, сертификаттармен марапаттады. Семинарда студенттер ерекше тілге деген құрметін, отансүйгіштік қабілетін көрсете білді. Жалпы бұл дегеніміз, жас ұрпақтың бойына  ар-намыс, қадір-қасиет, Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, тілге деген жауапкешілікті сезіну қабілеттері дарығандығының көрінісі. Өткізілген іс-шараның студенттеріміз үшін тәрбиелік мәні зор деп есептейміз.

Top