News

АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ АЯСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЮДЕ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессор-оқытушылар құрамы 2025 жылы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында болып, халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастықты дамыту бағытында маңызды жұмыстар атқарды.

24 қараша – 7 желтоқсан аралығында Филология және гуманитарлық ғылымдар факультеті  «Әлем тілдері» кафедрасының меңгерушісі PhD, қауымдастырылған профессор Перизат Кудабаева және «Экономика және менеджмент» кафедрасының қауымдастырылған профессор, PhD Л.А.Кудабаева Түркия Республикасының Конья қаласында орналасқан Сельчук университетіне (Selçuk Üniversitesi) академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша іссапармен барды

1975 жылы құрылған Сельчук университеті – Түркиядағы ірі мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірі. Университетте 70 мыңнан астам студент, магистрант пен докторант білім алады. Оқу орны гуманитарлық, әлеуметтік, педагогикалық ғылымдар, экономика, құқық, инженерия, медицина, архитектура және құрылыс бағыттары бойынша мамандар даярлайды. Университет 24 ірі кампустан тұратын заманауи инфрақұрылымымен ерекшеленеді.

Іссапар барысында Халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы Prof. Dr. Recai Kuş, Бөлім координаторы Özlem hanım, Тілдер факультеті «Аударма ісі» кафедрасының меңгерушісі Prof. Dr. Onur Köksal, «Экономика және менеджмент» кафедрасының профессоры Prof. Dr. Esra Kabaklarlı ханыммен кездесулер өткізіліп, университеттің оқу және ғылыми қызметімен танысу, болашақ әріптестік байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.

Ал, 1–14 желтоқсан аралығында «Жаратылыстану ғылымдары» факультеті, «Білім берудегі тарих және география» кафедрасының аға оқытушысы Д.Р. Мадибаева Өзбекстан Республикасының Жиззах қаласындағы Jizzax Davlat Pedagogika университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша іссапарда болды.

Іссапар аясында серіктес университеттің профессор-оқытушылар құрамымен тәжірибе алмасып, заманауи педагогикалық әдістемелерді қолдану мәселелері талқыланды. Ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректор Анора Джаббарова ханыммен өткен кездесуде екі университет арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және академиялық тәжірибе алмасу бағыттары қарастырылды.

Сонымен қатар, Д.Р. Мадибаева «Тарихты оқыту әдістемесі» пәні бойынша дәрістер оқып, болашақ тарих мұғалімдерінің кәсіби-әдістемелік даярлығын арттыруға бағытталған сабақтар жүргізді. Сабақтарда Қазақстандағы тарих пәнін оқыту әдістемесінің қалыптасуы мен даму кезеңдері, тәуелсіздік жылдардағы өзгерістер және құндылыққа бағытталған білім беру талаптары кеңінен қамтылды.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен Өзбекстан Республикасының Альфраганус университеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, 8–19 желтоқсан аралығында «Биология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Зияева «Медицина» факультетінде академиялық мобильділік бағдарламасы аясында дәрістер оқыды.

Іссапар барысында 2-курс білімгерлеріне «Жалпы генетика» пәнінен дәрістер, практикалық және лабораториялық сабақтар өткізілді. Дәріс тақырыптары тұқымқуалаушылықтың молекулалық негіздері, гендік инженерия және биотехнология, генетиканың заманауи зерттеу әдістері мен адам генетикасын қамтыды. Сонымен қатар, биология және генетика саласындағы ғылыми-зерттеу бағыттары, қолданбалы жобалар және Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан заманауи ғылыми зерттеулер туралы тәжірибе алмасу жүргізілді.

Аталған іссапарлар Дулати университетінің халықаралық академиялық байланыстарын нығайтып, білім беру мен ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, болашақта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға берік негіз қалады.