News

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Университет қабырғасында даңқты қолбасшы, Бауыржан Момышұлының қаһармандық жолы мен рухани мұрасын ұлықтауға арналған «Қаһармандық жолы – заң мен тәртіптің үлгісі» тақырыбында TED-X форматындағы конференция ұйымдастырылды.

Тағылымды шараның мақсаты – жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, құқықтық мәдениетті нығайту, заңға деген құрметті арттыру және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Сонымен қатар, батыр тұлғалардың өмір жолын насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Конференцияның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалып, университеттің «Мәдениет және өнер» кафедрасының студенттері «Ер ерлігі – ел есінде» атты әдеби-музыкалық композиция ұсынды. Көркем қойылым көрермендерге ерекше рухани серпіліс сыйлап, батыр рухына тағзым етуге үндеді.

Басқосуға «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымының магистрі Әлімбай Найзабаев, Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Айгерім Каукешова, 5513 әскери бөлімі, 1 жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Әліби Жақсылық, 125 International School тарих пәнінің мұғалімі, Instagram әлеуметтік желісіндегі@baurzhan_momyshuly жобасының авторы Қуантай Сәт Айтуғанұлы қатысты.

Жиын барысында Бауыржан Момышұлының әскери шеберлігі, көшбасшылық болмысы мен рухани мұрасы жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, Әлімбай Найзабаев Бауыржан Момышұлының тұлғалық болмысына, қайсар мінезі мен тәртіпке негізделген өмірлік ұстанымына кеңінен тоқталды. Ол батырдың шығармалары мен нақыл сөздері бүгінгі жас буын үшін тәрбиелік мәні зор рухани мұра екенін атап өтті. Бауыржан Момышұлының әскери психология, жауынгерлік тәртіп пен көшбасшылық туралы ойлары қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жоймағанын жеткізді. Ал, Айгерім Каукешова өз сөзінде, заң мен тәртіптің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Ол батырдың тәртіпке бағыну мен жауапкершілікке негізделген қағидалары құқық қорғау саласында қызмет ететін мамандар үшін де үлгі екенін жеткізді. Жастарды құқық бұзушылықтан сақ болуға, зиянды әрекеттерден аулақ жүруге және саналы өмір салтын ұстануға шақырды. Сонымен қатар, Әліби Жақсылық Бауыржан Момышұлының жауынгерлік тәжірибесі мен әскери стратегиясының маңыздылығына тоқталды. Ол батырдың қолбасшылық қабілеті, жауынгерлерге деген қамқорлығы мен талапшылдығы қазіргі әскери қызметшілер үшін өнеге екенін атап өтті. Оның айтуынша, Отанға адал қызмет ету, антқа беріктік таныту және тәртіпті сақтау – әрбір сарбаздың басты міндеті. Ал, Қуантай Сәт Айтуғанұлы өз баяндамасында батыр мұрасын насихаттауда заманауи ақпараттық алаңдардың рөліне назар аударды. Ол әлеуметтік желілер арқылы тарихи тұлғалардың өмірі мен ерлік жолын кеңінен таныстыруға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сонымен қатар, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда цифрлық жобалардың маңызы зор екенін сөз етті.

Конференция соңында қатысушылар батырдың ерлік жолы, әскери философиясы, тәртіп пен намыс туралы ұстанымдары жөнінде ой бөлісіп, еркін форматта пікір алмасты. Қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.