Университет қабырғасында «Жоғары білім мен еңбек нарығы» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге 60-тан астам жұмыс беруші қатысып, түлектер мен студенттерге өз мүмкіндіктерін ұсынды.
Жәрмеңкеге еліміздің жетекші кәсіпорындары мен мекемелері қатысты. Атап айтқанда, «Казфосфат» АҚ, «Транстелеком», Жамбыл облысы әкімдігінің «Жобалық басқару және цифрландыру орталығы» КММ, ЖШС «Казфосфат» Тараз филиалындағы Минералды тыңайтқыштар заводы, Жамбыл облысының және Тараз қаласының білім беру мекемелері, жеке меншік білім беру орталықтары.
Жәрмеңке мақсаты – жоғары оқу орны түлектерін жұмыспен қамтуға ықпал ету, олардың еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасау және жұмыс берушілер мен жас мамандар арасында тікелей байланыс орнату.
Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгуль Кудретуллаева алғы сөз алып, басқосудың маңыздылығын атап өтті. Жоғары білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайтудың қажеттілігіне тоқталып, мұндай жәрмеңкелердің түлектерді жұмыспен қамтудағы рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, жұмыс берушілерге ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, жас мамандарға кәсіби жолында табыс тіледі.
Жамбыл облысының білім басқармасының «Құқықтық қамтамасыз ету және педагог кадрлармен жұмыс» бөлімінің бас маманы Қарлығаш Қонысбекова педагогикалық салада сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, Полиция басқармасы басшысының орынбасары және Тараз қаласындағы «Зерделі» мектебінің директоры түлектерге жұмысқа қабылдау талаптары мен тәртібін түсіндірді.
Жәрмеңкеге жаңадан ашылып жатқан «Shengtai Biotech CO., Ltd» ЖШС қатысып, агроөнеркәсіптік және биотехнологиялық шикізатты қайта өңдеу бағытындағы қызметімен таныстырды. Сонымен қатар, «QAZAQ SODA LLP» және «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС өкілдері үміткерлердің түйіндемелерін қабылдап, сұхбат жүргізді.
Педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттерге ерекше назар аударылды. Жамбыл облысының аудандары мен Тараз қаласының мектеп директорлары мен директор орынбасарлары жас мамандарды жұмысқа шақырып, сұхбаттасуға мүмкіндік жасады. Әсіресе Мойынқұм ауданында математика, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі мұғалімдері мен психолог мамандарға сұраныс жоғары екені белгілі болды. Алайда алыс аудандарға жұмысқа орналасуға түлектердің қызығушылығы төмен екені байқалды.
Жәрмеңке соңында көптеген студенттер өз түйіндемелерін ұсынып, болашақ жұмыс орындары бойынша нақты ұсыныстар алды. Түлектер ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.






