News

ДУЛАТИ СТУДЕНТТЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРҒА ИЕ БОЛДЫ

Астана қаласында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен «Бухгалтерлік есептің трансформациясы: үрдістері, сын-қатерлері және перспективалары» тақырыбында Халықаралық бухгалтерлік есеп олимпиадасының финалдық кезеңі өтті.

Аталған білім сайысына іріктеу кезеңінен сәтті өткен Тараз қаласындағы М.Х. Дулати атындағы университеттің «Экономика және құқық» факультетінің «Кәсіпкерліктің бухгалтерлік есебі, аудиті және салық салуы» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттері жоғары деңгейде қатысып, өз білімдері мен кәсіби дайындығын көрсетті.

Команда құрамында Аделия Жартыбек, Шухрат Мадалиев, Камилла Дадабаева және Алина Стребкова өз білімдерін шыңдап, олимпиаданың финалдық кезеңіне жолдама алды.

Студенттердің ғылыми жетекшісі, «Қаржы және есеп» кафедрасының аға оқытушысы М.Ж. Есенова дайындық кезеңінен бастап финалдық турды ұйымдастыру мен сүйемелдеу жұмыстарына белсенді атсалысты.

Сайыс қорытындысы бойынша Камилла Дадабаева «Үздік команда капитаны» номинациясына ие болса, Алина Стребкова «Жеке тестілеу» кезеңінде III орынға қол жеткізді. Сонымен қатар, команда кейстік тапсырма нәтижелері бойынша «Үздік аналитикалық шешім үшін» номинациясымен марапатталып, диплом иегері атанды.

Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, білім мен ғылым жолында толағай табыстарға жете берулеріне тілектеспіз.