News

ДУЛАТИ СТУДЕНТТЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ХАКАТОНДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ

Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Digital Law Hackathon» атты республикалық хакатон жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 

Байқау мақсаты – студенттердің цифрлық құқық саласындағы білімін тереңдету, киберқауіпсіздікке қатысты заманауи мәселелерді талдау қабілетін дамыту. Сонымен қатар, болашақ заңгерлердің инновациялық және практикалық дағдыларын жетілдіру.

Хакатонға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан келген студенттер қатысып, құқық саласындағы цифрлық шешімдерге бағытталған өз жобаларын таныстырды. Қатысушылар командалық жұмыс, аналитикалық ойлау және практикалық дағдыларын жоғары деңгейде көрсетті.

Аталған байқауда М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенттері «Қызыл жебе» және «Алау» командалары ретінде қатысып, жоғары дайындық деңгейін танытты. «Қызыл жебе» командасының топ басшысы – Бекзат Бердібай. Команда құрамында Жаннұрым Базарқұл мен Іңкәр Нұрғали болды. Ал, «Алау» командасының топ басшысы – Айгерім Уалихан және команда құрамында Маржан Көпейсинова. Білімгерлердің ғылыми жетекшісі «Мемлекеттік және әкімшілік құқық» кафедрасының аға оқытушысы Назира Абдраманова студенттерге бағыт-бағдар беріп, ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын жүргізді.

Хакатон қорытындысы бойынша «Қызыл жебе» командасы жүлделі III орынға ие болды.

Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Алдағы уақытта да білім мен ғылым жолында толағай табыстарға жете беріңіздер!