News

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ ШЕТЕЛДІК СЕРІКТЕСТЕРМЕН БІЛІМ БЕРУ ЖОБАЛАРЫН ДАМЫТУДА

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен Қытай Халық Республикасындағы Ланьчжоу политехникалық университеті арасында онлайн видеоконференция өтті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың нәтижелерін қорытындылап, алдағы кезеңге арналған жаңа бағыттарды айқындады.

Серіктестік 2025 жылғы 4 маусымда Ланьчжоу политехникалық университеті делегациясының Дулати университетіне жасаған сапары барысында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде басталған.

Қазіргі уақытта ынтымақтастық нақты нәтижелер беріп отыр. Атап айтқанда, Ланьчжоудан келген үш оқытушы 2025–2026 оқу жылының бірінші семестрінде Дулати университетінде қытай тілінен сабақ берді. Бүгінде бұл тілді 171 студент меңгеруде. Шақырылған оқытушылардың бірі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің грантын иеленді. Сонымен қатар, «Аударма ісі» білім беру бағдарламасының студенттері Ланьчжоу политехникалық университетінде тегін оқу және тұру мүмкіндігімен білім алуда. 2025 жылы 2 желтоқсанда өткен «Өркениеттердің өзара баюы және жастар миссиясы» атты халықаралық конференцияға Дулати университетінің 27 студенті мен оқытушысы қатысып, сертификаттарға ие болды. Сондай-ақ, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы кадр даярлау жобасы Қытайдың мемлекеттік қор басқару комитеті тарапынан қолдау тауып, қаржыландырылды.

Алдағы уақытта Тараз қаласындағы М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің базасында Конфуций институты мен Қытай тілі орталығын ашу жоспарлануда. Нәтижесінде, Қытай тілінен халықаралық емтихандарды жергілікті деңгейде тапсыру мүмкіндігі енгізіледі. Сонымен қатар, қос диплом бағдарламалары, магистратуралық бірлескен оқу траекториялары, жазғы және қысқы мектептер іске қосу жоспарлануда. IT, химия және химиялық технологиялар бағыттарында ғылыми ынтымақтастықты кеңейту қарастырылуда.

Аталған ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық байланысты нығайтып, студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.