М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде педагогика ғылымдарының докторы, академик Оңғарбай Сәлімбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы салтанатты түрде ашылды.
Салтанатты басқосуға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, өңірлік жоғары оқу орындарының өкілдері, ардагерлер ұйымдарының жетекшілері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Ғылыми-зерттеу орталығының мақсаты – педагогика ғылымының өзекті бағыттарын дамыту, академик Оңғарбай Сәлімбайұлының бай ғылыми мұрасын жүйелеу арқылы жас ғалымдардың ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету.
Жаңа орталықтың лентасын Ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Билер кеңесінің» төрағасы Оңласын Есіркепов пен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков қиды.
Салтанатты басқосу барысында Дулати университетінің Аппарат басшысы Мирас Тұрғынбаев құттықтау сөз алып, жиынның маңыздылығына тоқталды. Ол академиктің университет тарихындағы ерекше орнын атап өтіп, оның есімі берілген ғылыми-зерттеу орталығы ғылым мен білімнің дамуына қызмет ететінін жеткізді. Сондай-ақ, орталықтың жас зерттеушілер үшін маңызды ғылыми алаңға айналатынына сенім білдірді. Ал, Оңласын Есіркепов академиктің әділдігі мен парасаттылығын ерекше атап өтіп, оның қоғамдық өмірде де, ғылым саласында да үлкен беделге ие болғанын айтты. Ғалымның адамгершілік қасиеттері мен елге сіңірген еңбегі халық жадында сақталатынын жеткізді. Сонымен қатар, Махметғали Сарыбеков Оңғарбай Сәлімбайұлының педагогика ғылымын дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, оның ғылыми еңбектері мен зерттеулері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.
Жиын барысында академиктің өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған естелік бейнеролик көрсетілді. Бейнежазбада ғалымның ғылымдағы жетістіктері, ұстаздық қызметі, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі мен қоғамдағы орны кеңінен қамтылды.
Сонымен қатар, құрметті қонақтар сөз сөйлеп, академиктің өмір жолы мен ғылыми мұрасына жоғары баға берді. Атап айтқанда, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Еркінбек Солтыбаев академиктің ел дамуына, әсіресе білім беру саласына сіңірген еңбегіне тоқталып, оның өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Академиктің отбасы атынан «Әулие-Ата-Демеу» корпоративтік қорының директоры Бәтес Егембердиева сөз сөйлеп, Оңғарбай Сәлімбайұлының тек отбасы үшін ғана емес, тұтас ел ғылымы мен білімі үшін еңбек еткен тұлға болғанын айтты. Ол университет басшылығына көрсетілген құрмет пен игі бастама үшін алғысын білдіріп, ғалымның адамгершілік қасиеттері туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Ал, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова академиктің жастар тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, оның қарапайым болмысы мен өнегелі тұлғасы көпшілікке үлгі болғанын жеткізді.
«Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айсұлу Тұрарова қорытынды сөз сөйлеп, жаңа ғылыми-зерттеу орталығының негізгі бағыттарына тоқталды. Ол орталықтың педагогика саласындағы заманауи зерттеулерді дамытуға, инновациялық ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталатынын атап өтті.
Жиын соңында қонақтар университет басшылығына алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. Жаңа ғылыми-зерттеу орталығы алдағы уақытта педагогика ғылымын дамытуға, жас зерттеушілерді қолдауға және ғылыми байланыстарды нығайтуға қызмет ететін маңызды ғылыми орталықтардың бірі болмақ!





