М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде ERASMUS+ TEX4FUTURE – «Textile Manufacturing for the Future in Uzbekistan and Kazakhstan» халықаралық жобасы аясында индустриялық серіктестермен ақпараттық күн ұйымдастырылып, университет базасында «Текстиль дизайны» білім беру орталығының салтанатты ашылуы өтті.
Аталған жоба Technical University of Crete үйлестіруімен жүзеге асырылып, Қазақстан, Өзбекстан және Еуропаның жетекші университеттері мен ұйымдарын біріктірді. Оған University of West Attica, Gheorghe Asachi Technical University of Iași, Ege University, Creative Thinking Development, Guru Services, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Қазақстан Республикасының жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ассоциациясы, Ташкент текстиль және жеңіл өнеркәсіп институты, Джизақ политехникалық институты, Fergana State University және Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері қатысты.
Жобаның мақсаты – текстиль және тігін өнеркәсібі саласына заманауи технологияларды меңгерген, инновациялық ойлай алатын, еңбек нарығының жаңа талаптарына бейімделген, халықаралық тәжірибеге сәйкес білімі мен дағдылары бар мамандарды даярлау.
Ақпараттық күн аясында халықаралық серіктестер Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаевамен кездесіп, TEX4FUTURE жобасының алдағы даму бағыттары, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолдары, білім беру бағдарламаларын өндіріс қажеттіліктерімен ұштастыру мәселелерін талқылады.
Басқосу барысында Дулати университеті Криттегі Техникалық университеті мен Ферғана мемлекеттік университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл маңызды қадам халықаралық академиялық байланыстарды одан әрі нығайтып, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, меморандум жобаның алдағы дамуында стратегиялық мәнге ие болып, Қазақстан мен Өзбекстан университеттері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, студенттер мен ғалымдардың халықаралық тәжірибе алмасуына жол ашады.
Ақпараттық күн аясында университетте «Текстиль дизайны» білім беру орталығы ашылды. Салтанатты рәсімде Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева мен профессор Николас Билалис лентаны қиып, орталықтың жұмысын ресми түрде бастады. Жаңа орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, студенттердің практикалық дағдыларын жетілдіруге, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және өндіріс өкілдерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөз алып, жобаның стратегиялық мақсаттарына тоқталды. Ректор университеттің халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырып отырған жобалардың маңыздылығын атап өтіп, TEX4FUTURE жобасының Қазақстан мен Өзбекстанның текстиль және тігін саласында білікті мамандарды даярлаудағы нақты үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы тиімді байланыстардың университет үшін басымдық екенін жеткізді.
Бағдарлама барысында халықаралық семинар ұйымдастырылып, текстиль индустриясындағы заманауи үрдістер, цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар TEX4FUTURE жобасының нәтижелерімен танысып, жаңа білім беру бағдарламалары мен тәжірибеге бағытталған курстарға баға берді.
Сонымен қатар, қонақтарға университеттің зертханалары мен білім беру инфрақұрылымы көрсетіліп, толық өндірістік циклді қамтитын мүмкіндіктер таныстырылды. Қатысушылар өңірдегі кәсіпорындарға барып, өндірістік үдерістермен танысып, болашақ ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Қонақтар бас ғимаратта орналасқан университет мұражайын тамашалап, М.Х. Дулати шығармашылығымен жан-жақты танысу мүмкіндігіне ие болды. Мұражай экспозициясында тарихшының жеке жәдігерлері, қоғамдық және ғылыми қызметін сипаттайтын мұрағаттық құжаттар, тарихи фотосуреттер, сирек кездесетін басылымдар мен қолжазбалар қойылған. Қонақтар әрбір экспонатты мұқият зерттеп, Дулати еңбектерінің қазақ тарихы мен мәдениетіне қосқан үлесін жоғары бағалады. Мұражай тек тарихи фактілерді көрсетуге ғана емес, еліміздің мәдени және ғылыми мұрасын насихаттау арқылы студенттер мен халықаралық қонақтарға рухани және білімдік тәжірибе ұсынуда.
TEX4FUTURE жобасы білім беру, ғылым және индустрия арасындағы тиімді ықпалдастықты қалыптастыруға бағытталған. Жоба еңбек нарығына сай мамандар даярлауға, халықаралық тәжірибені білім беру жүйесіне енгізуге, қолданбалы зерттеулерді дамытуға және бизнес-пен байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы бюджеті 790 мың еуродан асады және оны жүзеге асыру 2027 жылға дейін жоспарланған. Қазіргі таңда университетте заманауи зертханалық база қалыптасып, жаңа білім беру шешімдері енгізіліп, индустриялық серіктестермен байланыс белсенді дамып келеді.
М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті халықаралық стандарттарға сай, инновацияға негізделген және экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағытталған білім беру экожүйесін қалыптастырып отыр. Университет тек білім берумен шектелмей, саланың болашағын айқындайтын маңызды ғылыми-білім беру орталығы ретінде дамуын жалғастыруда.









