News

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА АУДИТОРИЯ АШЫЛДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Экономика және менеджмент» кафедрасында университеттің дамуына елеулі үлес қосқан, жоғары білім беру саласында ұзақ жылдар бойы табысты еңбек еткен Орынкүл Мамырбаеваның есімі берілген жаңа оқу аудиториясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты жиында аудиторияның лентасын университеттің Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова мен ардагер-ұстаздың інісі Қуаныш Мамырбаев қиды.

Проректор Шолпан Есімова құттықтау сөз алып, жаңа аудиторияның ашылуы университеттің білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Аталған аудитория студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасап, заманауи оқыту әдістерін тиімді енгізуге және кафедраның ғылыми-әдістемелік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Сонымен қатар, ұстаздың университеттің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтіп, есімін ұлықтау жас ұрпақ үшін үлкен тағылым екенін айтты.

Салтанатты жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ардагер ұстаздар, қонақтар және студенттер қатысты.

Жиын барысында қатысушылар назарына ардагер-ұстаздың өмір жолы мен еңбек қызметіне арналған арнайы бейнематериал ұсынылды. Видеокөрсетілімде ұстаздың оқытушылық қызметі, студенттермен жұмыс тәжірибесі, ғылыми-әдістемелік ізденістері және кафедраның дамуына қосқан үлесі кеңінен қамтылды. Бейнематериал қатысушыларға ұстаздың кәсіби болмысын тереңірек тануға мүмкіндік берді. Қатысушылар жаңа аудиторияның ашылуын білім беру саласындағы игі дәстүрдің жалғасы ретінде атап өтті. Әріптестері ұстаздың білімге деген көзқарасын, әділдігін және кәсіби шеберлігін тілге тиек етті. Ал, түлектер ұстаздың берген білімі мен тәлім-тәрбиесі олардың кәсіби қалыптасуына зор ықпал еткенін ризашылықпен жеткізді.

Жаңа аудитория заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға және студенттердің сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Салтанатты жиын соңында ұлағатты ұстаздың жақындары университет басшылығына ерекше алғыстарын білдіріп, білім ордасы алдағы уақытта да жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдірді. Аталған аудитория студенттердің сапалы білім алуына ықпал ететіні сөзсіз.