News

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА ДИССЕРТАЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңес өз жұмысын бастады.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің 2026 жылғы 29 қаңтардағы №42 бұйрығы негізінде М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде 8D072 – «Өндірістік және өңдеу салалары» даярлау бағыты бойынша және 8D07212 – «Инновациялық текстиль» және 8D07211 – «Былғары бұйымдарының индустриясы» білім беру бағдарламалары бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңес ашылды.

Диссертациялық кеңестің алғашқы отырысы өтіп, 8D07212 – «Инновациялық текстиль» білім беру бағдарламасының докторанты Жанерке Боркулакова «Экологиялық таза оқшаулағыш беймата ретінде жүн қалдықтарын пайдалану технологиясын әзірлеу» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

Алғашқы докторлық диссертацияның сәтті қорғалуы М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті үшін айтулы оқиғалардың бірі болды. Бұл университеттің ғылым саласындағы мүмкіндіктерінің кеңейіп, ғылыми зерттеулерді дамыту мен философия докторларын (PhD) даярлау бағытындағы жұмысының жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді.