М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Материалдар сапасы, беймата композициялық материалдар» ғылыми-зерттеу зертханасының ашылуы өтті. Аталған жоба BR24992867 ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Салтанатты жиынға Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің профессорлары Роза Мирзамуратова және Динара Дайрабай, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры Асқар Абдуалы, университеттің профессор- оқытушылар құрамы қатысты.
Зертхананың ашылу рәсімінде лентаны Басқарма Мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев және «ТаразКожОбувь» ЖШС директоры Еркін Абдыбаев кесіп, жаңа зертхананың ресми түрде жұмысын бастағанын жариялады.
Сейтжан Орынбаев құттықтау сөз сөйлеп, зертхананың университеттің ғылыми әлеуетін күшейтудегі рөлін атап өтті. Ол жаңа зертхана жеңіл өнеркәсіп саласында сапалы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Сонымен қатар, жас ғалымдарды ғылыми жобаларға тарту мен инновациялық бастамаларды қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Ал, Еркін Абдыбаев зерттеулердің практикалық мәніне ерекше назар аударып, жаңа зертхана материалдардың сапасын анықтау мен сынақтан өткізу мүмкіндіктерін кеңейтетінін айтты. Ол бұл бастама өндірістік секторға нақты ғылыми шешімдерді енгізуге жол ашатынын атап өтті.
Жаңа ғылыми-зерттеу зертханасы жеңіл өнеркәсіп саласына арналған материалдар мен дайын бұйымдардың сапасын кешенді түрде зерттеуге бағытталған. Зертхана заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, материалдардың физика-химиялық қасиеттерін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мұнда жүн және түрлі талшықты материалдардың сапасы сарапталып, олардың ауа және бу өткізгіштік деңгейі, беріктігі, отқа төзімділігі және өзге де маңызды көрсеткіштері бойынша сынақтар жүргізіледі. Бұл өз кезегінде отандық өндіріс өнімдерінің сапасын арттыруға және халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, зертхана жас ғалымдар мен докторанттар үшін маңызды ғылыми алаң болмақ. Мұнда олар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Аталған бастама ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін нақты өндіріс саласына енгізуге жол ашады.
Зертхана болашақта жаңа жобаларға, тәжірибелік зерттеулерге және жас ғалымдардың шығармашылық ізденістеріне серпін беретін маңызды орталыққа айналатыны сөзсіз. Жас ғалымдарға сәттілік тілейміз!




