Түркия Республикасы, Измир қаласындағы Эге университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында маңызды халықаралық іс-шара өтті.
Бұл сапар М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті мен Эге университеті арасындағы ғылыми-академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Университет атынан Журналистика және филология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, доцент м.а. Құрманбекова Зульфия және Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, доцент м.а. Ауғанбаева Мая қатысып, Эге университетінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесулер өткізді.
Іс-сапар барысында оқытушылар бірқатар дәрістер оқып, ғылыми бағыттағы семинарларға қатысып, тәжірибе алмасу жұмыстарына белсенді атсалысты. Дәрістер қазіргі журналистиканың даму үрдістері, филологиялық зерттеулердің өзекті мәселелері, заманауи аударматану әдістері және шетел тілдерін оқытудың инновациялық тәсілдеріне арналды. Тараптар академиялық ортадағы жаңа трендтерді талқылап, білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді әдістемелермен бөлісті.
Сонымен қатар, сапар шеңберінде екі университет арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты кеңейту бойынша келіссөздер жүргізілді. Болашақта бірлескен ғылыми жобалар, профессор-оқытушылар құрамының өзара тағылымдамалары, студенттік академиялық ұтқырлық бағдарламалары және халықаралық конференциялар ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Академиялық ұтқырлық аясында өткізілген бұл іс-шара білім беру саласындағы халықаралық әріптестікті тереңдетіп, университеттер арасындағы ғылыми байланысты одан әрі дамытуға серпін берді.

