М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментінің ұйымдастыруымен «Экологиялық мәдениет – ортақ міндет» тақырыбында семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – білім алушылардың экологиялық сауаттылығын арттыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қағидаларын насихаттау және жастарды экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шақыру.
Іс-шараның модераторы –Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментінің маманы Е. Мамедалиев семинардың мақсаты мен маңызын таныстырып, спикерлердің баяндамалары мен қатысушылар арасындағы пікір алмасуды үйлестірді. Семинарға білікті мамандар қатысып, қоршаған ортаны қорғауға қатысты өзекті мәселелер бойынша мазмұнды пікірлерімен бөлісті.
Жамбыл облысы бойынша Экология департаментінің Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы, мемлекеттік экологиялық инспектор Ақерке Киргизбаева өз сөзінде мемлекеттік экологиялық бақылаудың негізгі бағыттарына, табиғатты қорғау заңнамасының талаптарына және қоршаған ортаға кері әсер ететін факторлардың алдын алу мәселелеріне тоқталды.
«Білім берудегі тарих және география» кафедрасының геоэкология маманы, PhD докторы Камила Акилова қоршаған орта мен адам әрекетінің өзара байланысы, табиғи аумақтардың экологиялық жағдайы және геоэкологиялық мәселелер жөнінде сөз қозғады. Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментінің жетекші маманы Бақтияр Алпысбаев жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, студенттерді қоғамдық және табиғатты қорғау іс-шараларына тарту мәселелеріне тоқталды. «Таза Қазақстан» – тек сыртқы келбетіміз бен өмір сүретін ортамыздың тазалығы ғана емес, ол ең алдымен жан дүниеміздің, ішкі болмысымыздың тазалығы екендігін атап өтті.
Кездесу аясында өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту және университет аумағында экологиялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар ортаға салынды. Семинар қорытындысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру үздіксіз білім мен жүйелі тәрбиені талап ететіні, ал табиғатты қорғау әр адамның күнделікті әрекеті мен саналы жауапкершілігінен басталатыны айтылды.


