News

«ФИЛОЛОГИЯ ЖӘНЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР» ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің бітіруші түлектеріне салтанатты диплом тапсыру кеші өтті.

Жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, сала өкілдері, ата-аналар мен түлектер қатысты.

Жиын барысында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Рысгүл Құдретуллаева құттықтау сөз алып, диплом алу – әр түлек үшін үлкен жауапкершілік пен жаңа өмір кезеңінің бастауы екенін ерекше ықыласпен жеткізді. Университет қабырғасында алған білім мен дағдылар жас мамандардың болашақ кәсіби қызметінде маңызды рөл атқаратынын айтып, түлектерге сәттілік тіледі. Ал, Аппарат басшысы Мирас Тұрғынбаев жас буынға еңбек жолында біліктіліктерін дәлелдеп, қоғамның дамуына үлес қосатын кәсіби маман болуға тілектестік білдірді. Сонымен қатар, білім алуда үздік нәтиже көрсетіп, университеттің қоғамдық және ғылыми өміріне белсене араласқан студенттерге Алғыс хат табыстады.

Салтанатты рәсімге арнайы шақырылған қонақтар да түлектерге ақжарма тілектерін арнап, жаңа өмір кезеңінде биік белестерді бағындыруларына сенім білдірді.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Университеттің шығармашылық ұжымдары мен өнерпаз студенттері ән мен би орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жас мамандарға кәсіби қызметте жоғары жетістіктерге жетіп, жарқын болашаққа нық қадам басуларына тілектестік білдіреміз!