News

ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР ГРАНТТЫҚ ҚОЛДАУҒА ИЕ БОЛДЫ!

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған 2026–2028 жылдарға арналған ғылыми және  ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсының қорытындысы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің екі ғалымының ғылыми жобасы жеңімпаз деп танылды.

Атап айтқанда, Технологиялық факультеті «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының PhD докторы, қауымдастырылған профессор (доцент) Бекжан Абзалбекұлының ЖТН AP32315079 «Қой жүні негізінде биологиялық тұрақты беймата материалдарды алу әдісін жетілдіру» тақырыбындағы ғылыми жобасы гранттық қаржыландыруға ие болды. Жоба қой жүнін тиімді пайдалану арқылы экологиялық қауіпсіз әрі биологиялық тұрақты беймата материалдарын алу технологиясын жетілдіруге бағытталған.

Сондай-ақ, Технологиялық факультеті «Химия және химиялық технология» кафедрасының аға оқытушысы Эльвира Байбазарованың ЖТН AP32522077 «Пластикалық қалдықтардан синтезделген көміртекті нанотүтікшелер негізіндегі магнитті композиттерді әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми жобасы 2026–2028 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы атанды. Жоба пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу негізінде жоғары технологиялық магнитті композиттік материалдарды әзірлеуге арналған.

Аталған ғылыми жобалардың гранттық қаржыландыруға ие болуы – Дулати университеті ғалымдарының ғылыми әлеуеті мен зерттеу жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Жобаларды іске асыру барысында алынатын ғылыми нәтижелер жаңа технологияларды дамытуға, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға және отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосады.

Марапат иелерін құттықтаймыз! Ғылыми жобалардың табысты жүзеге асуына, тың зерттеулер мен іргелі жаңалықтарға қол жеткізулеріне тілектеспіз. Ғылым жолындағы еңбектері жемісті болып, жаңа белестерді бағындыра берулеріне, шығармашылық табыс, зор денсаулық және толағай жетістіктер тілейміз!