Университет қабырғасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Қаржылық сауаттылықты арттыру – заман талабы» тақырыбында танымдық семинар өтті. Ұйымдастыру комитеті: «Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық» факультеті мен Әлеуметтік жұмыс басқармасының Дінтану саласы бойынша бас маманы Бахтияр Алпысбаев.
Семинарға спикер ретінде Жамбыл облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мұхаммед Қошмағанбетов, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі жастар ресурстық орталығының кмм- сі маманы Дәурен Аралбеков, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ Ұйымдастыру және Жастар бастамалары секторының жастар ісі жөніндегі маманы Нұрзат Амангелді қатысты.
Семинар мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, алаяқтық әрекеттердің алдын алу, киберқылмыстың заманауи түрлері туралы ақпарат беру және жеке қаржыны дұрыс басқару дағдыларын қалыптастыру.
Кездесу барысында спикерлер қаржылық қауіпсіздік мәселелері, интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері, жеке деректерді қорғау жолдары, онлайн несиелер мен қаржы пирамидаларының қауіптілігі туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, нақты өмірлік мысалдар келтіріліп, жастарға қаржылық шешім қабылдауда сақ болудың маңыздылығы түсіндірілді.
Семинар интерактивті форматта өтіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға спикерлер жан-жақты жауап берді. Бұл өз кезегінде жастардың тақырыпқа деген қызығушылығын арттырып, пайдалы ақпарат алуына мүмкіндік берді.
Семинар соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.

