News

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ РЕКТОРЛАР ОДАҒЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Жаңа буындағы өңірлік университет: ғылым, жасанды интеллект және аумақтарды дамыту» тақырыбында Қазақстандық ректорлар Одағының ғылыми-тәжірибелік форумы өтті.

Ауқымды жиынға еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары, профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар қатысты. Сонымен қатар, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева бастаған профессор-оқытушылар құрамы да белсене қатысып, жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға үлес қосты.

Форумның ашылуында Қазақстандық ректорлар Одағының тең президенті Бақытжан Жұмағұлов сөз сөйлеп, өңірлік университеттердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті. Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесін жаңғырту, ғылым мен инновацияны дамыту бағытындағы өзекті міндеттерге тоқталды. Ал, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров өңірдегі жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттыру және білікті кадрлар даярлау мәселелерінің маңыздылығын жеткізді. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім
министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Джарасова жоғары білім беру сапасын арттыру, ғылымды қолдау және заманауи технологияларды білім беру үдерісіне енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөз қозғады. 

Басқосу барысында Қазақстандық ректорлар Одағының жоғары білім беру саласындағы басым бағыттары, Мемлекет басшысының жоғары білім жүйесін жаңғырту жөніндегі бастамаларын іске асыру тетіктері, өңірлік экономика үшін адами капитал даярлау, университеттердің цифрлық трансформациясы және аграрлық ғылымды дамыту мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Сондай-ақ, жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары оқу орындарының жаңа мүмкіндіктері мен сын-қатерлері, білім беру сапасын арттырудағы инновациялық шешімдер, ғылыми зерттеулердің тиімділігін күшейту және өңірлік даму мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, Дулати университетінің профессор-оқытушылар құрамы цифрлық білім беру платформаларын жетілдіру, студенттердің зерттеу дағдыларын дамыту және өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты күшейту бағытындағы пікірталастарға белсене қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Форум соңында арнайы резолюция қабылданып, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұсыныстар қарастырылды.