News

КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Университет қабырғасында Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жылдар мен жолдар» жобасы аясында ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, әнші, композитор – Тінәлиев Әбиірбек Берденұлы және Әлімбеков Жүніс Нұрғазыұлымен кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты – зиялы қауым өкілдерінің өмірлік жолы мен кәсіби тәжірибесін жас ұрпаққа үлгі ету арқылы ел дамуына қосқан еңбектерін насихаттау. Сонымен қатар, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, патриоттық тәрбие беру, жастарды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және өз болашағын саналы түрде таңдауға ынталандыру.

Кездесу барысында қатысушылар өнер қайраткерлерінің шығармашылық жолымен танысып, олардың өмірлік ұстанымдары мен өнер мен қоғам арасындағы өзара байланыс туралы ой-пікірлерін тыңдады. Қонақтар ұлттық өнердің ел рухын көтерудегі маңызына, ана тіл мен ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөліне ерекше тоқталды.

Кездесу соңында рухани әсер сыйлаған сәттердің бірі – қонақтар жастармен бірге «Анамның тілі» әнін орындап, ана тілге деген құрмет пен ұлттық болмысқа деген сүйіспеншілікті әуен арқылы жеткізді. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.