М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен бүгін 2-қазан күні «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенде «БАЙСАЛОВ ОҚУЛАРЫ – 2026» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өз жұмысын бастады.
Аталған конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында қаржыландырылатын ИРН BR24993047 «Жер қатынастарын реттеудің заманауи сын-қатерлері: тарихи-құқықтық талдау» ғылыми бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
Тараз қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «БАЙСАЛОВ ОҚУЛАРЫ» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы биыл «Жаңа Конституция және Қазақстанның тұрақты дамуы: жер қатынастарын реттеудің құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық басымдықтары» тақырыбында өтуде.
Халықаралық конференция Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Байсалұлын еске алу және оның отандық заң ғылымына қосқан үлесін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, заңгерлер, экологтар қатысты.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Ләззат Еркінбаева алғы сөзбен конференцияны ашып, ғалымның өмір жолы мен еңбегіне тоқталды. Сағындық Байсаловтың шәкірті ретінде ұстаздан терең біліммен қатар, адалдық, еңбекқорлық пен жауапкершілік сынды құнды қасиеттерді де бойына сіңіргенін айтты.
Алқалы жиында Жаңа Конституция аясындағы жер қатынастарын құқықтық реттеу, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің әлеуметтік-экономикалық тетіктері мен экологиялық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Халықаралық конференцияда ғалымдармен қатар, ҚР Құрылтайының депутаттары, заң саласының мамандары баяндама жасады.
Түрлі сала мамандары бас қосқан жиында заң, құқық бағытында жарық көрген ғылыми еңбектердің тұсаукесер салтанаты өтті.
Ғылыми-практикалық конференция Дулати университеті қабырғасында профессорлар мен студенттердің «Ашық диалог» форматында кездесумен жалғасты.
Сұхбат алаңында заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Жарылқасынұлы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Жұмагелді Сәкенұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының докторы, доцент Сәбигүл Жанабайқызы студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Студенттер Сағындық Байсалұлының ғылыми бағыты, ғалымдардың еңбек жолы, заң мен жасанды интеллект, жетістікке жету жолы мен нарықта сұранысқа ие маман болу тақырыптарында сұрақтарын қойып, жауап алды. Ғалымдар өз еңбек жолдарын айтып, тәжірибелерімен бөлісті, жастарға қажетті ақыл-кеңестерін берді.
Ашық диалог аясында жас ғалымдар арасында жарияланған байқаудың нәтижесі қорытындыланды. Студенттер, магистранттар мен докторанттар бақ сынаған білім додасында жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, қаржылай сыйлықтар табысталды.














