News

КІТАПХАНАЛАРДЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖИЫН СӘТТІ АЯҚТАЛДЫ

Университет қабырғасында «Академиялық кітапханаларды дамытудың заманауи үрдістері» тақырыбында XIII халықаралық конференция жоғары деңгейде өткізілді. 

Үш күнге созылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция академиялық кітапханалардың дамуы, цифрландыру үдерістері, инновациялық технологияларды енгізу және кітапханалық ресурстарды басқарудың жаңа тәсілдері сияқты өзекті мәселелерді талқылауға арналды.

Конференцияға әлемнің түрлі елдерінен келген сарапшылар, жоғары оқу орындары мен ғылыми кітапханалардың өкілдері қатысып, өз тәжірибелерімен және ғылыми көзқарастарымен бөлісті.

Жиын барысында Кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Иржанова спикерлерге сертификат табыстап, конференция жұмысына белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді. Өз сөзінде, халықаралық деңгейдегі ғылыми  басқосулар кітапхана саласының дамуына серпін беріп, мамандар арасындағы тәжірибе алмасуды нығайтатынын атап өтті. Алдағы уақытта да академиялық кітапханаларды дамыту бағытында бірлескен жобалар мен ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді. 

Қазақстан Республикасы ЖОО кітапханалар қауымдастығының атынан «Кітапхананың дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми кітапханасының директоры мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті кітапханасының директорына берілді.

Конференцияның жоғары деңгейде өтуіне бірқатар демеушілер мен серіктестер қолдау көрсетті. Бас демеуші ретінде «EDP Hub – Kazakhstan» компаниясы қатысты. Ресми демеушілер қатарында IDLOGIC, My Loft, Micro Information Technology Limited, RST-Инвест (RFID-технологиялары) және CNKI International компаниялары болды. Сонымен қатар, конференция серіктестері ретінде ТОО «ЭйВиДи-Казахстан», ТОО «ЭПИГРАФ» және EBSCO компаниясы өз үлестерін қосты.

Жиын соңында қонақтар университет ұжымының кәсіби ұйымдастырушылығын, ілтипатты көзқарасын және әрбір қонаққа деген құрметін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, университет басшылығына алғыстарын айтып, алдағы уақытта да осындай мазмұнды халықаралық кездесулердің жалғасуына тілектес екендерін білдірді.