News

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Университет қабырғасында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтың төрағалығымен профессор-оқытушылар құрамымен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесу мақсаты – елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар, соның ішінде жаңа Конституция жобасына енгізіліп отырған өзгерістерді түсіндіру және оны білім саласы өкілдерімен талқылау.

Жиын барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған парламенттік реформа туралы кеңінен баяндады. Атап айтқанда, 2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылғаны, оған ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері енгені айтылды.

Реформаны талқылау үдерісіне азаматтар e-Otinish және eGov порталдары арқылы белсенді қатысып, екі мыңнан астам ұсыныс түскені жайлы сөз қозғалды. Сонымен қатар, 2026 жылғы 21 қаңтарда 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылғаны, комиссия жұмысы барысында Конституцияның барлық негізгі ережелері қайта қаралғаны мәлімделді.

Ұсынылған түзетулер Конституцияның 77 бабын қамтып, Ата Заң мәтінінің 84 пайызына өзгеріс енгізуді көздейді. Осыған байланысты еліміздің жаңа Конституциясын әзірлеу мәселесі күн тәртібіне шығарылды.

Кездесуде жаңа Конституция жобасының басты бағыттары – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту, білім мен ғылымды, инновация мен цифрландыруды дамыту мәселелері кеңінен қозғалды. Сондай-ақ, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормалары алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілетіні айтылды.

Жаңа жалпыұлттық диалог алаңы – Қазақстанның Халық Кеңесін құру, бір палаталы, 145 депутаттан тұратын Құрылтай Парламентін қалыптастыру мәселелері де таныстырылды.

Жиын барысында университет оқытушылары Айсұлу Тұрарова мен Ерлан Сарымбетов қысқаша пікір білдіріп, жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу соңында облыс әкімі жаңа Конституция жобасын қоғам, әсіресе жастар арасында кеңінен түсіндіруде профессор-оқытушылар құрамының рөлі ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар, түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатыны еске салынды.

Ал, профессор-оқытушылар мен білім саласының өкілдері Конституциялық реформаға қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, болашақта жаңа Ата Заң жобасын студенттер арасында түсіндіруде белсенділік көрсетуге ниеттерін жеткізді.