News

М.Х.ДУЛАТИ АТЫНДАҒЫ ТАРАЗ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ 2025–2026 ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ ІШКІ KPI РЕЙТИНГІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде Ғылыми кеңестің отырысы өтіп, онда 2025–2026 оқу жылындағы профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің ішкі кәсіби KPI рейтингі нәтижелері қаралып, бекітілді.

Отырыс барысында рейтингтік комиссия жұмысының қорытындылары шығарылып, профессор-оқытушылар құрамының, кафедралардың, факультеттердің және ғылыми-зерттеу бөлімшелерінің қызмет нәтижелеріне жан-жақты талдау жүргізілді. Биылғы рейтингке университеттің 703 оқытушысы мен ғылыми қызметкері қатысты.

Университеттің ішкі рейтинг жүйесі қызметкерлердің кәсіби қызметін бағалаудағы ашықтық, объективтілік және бағалау үдерістерін цифрландыру қағидаттарына негізделген. Рейтинг төрт негізгі бағыт бойынша қалыптастырылды: ғылыми қызмет, академиялық қызмет, әлеуметтік-мәдени белсенділік және «жұлдыздылық» көрсеткіші. Барлық нәтижелер kpi.dulaty.kz ақпараттық платформасы арқылы өңделді.

Ғылыми кеңес отырысында кәсіби қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген ТОП-100 оқытушы мен ғылыми қызметкерге ерекше назар аударылды. Ішкі рейтингтің көшбасшысы 642,21 балл жинаған Маржан Қалмаханова болды.

Рейтингтің алғашқы ондығына Рысты Керімбаева, Рабиға Құдайбергенова, Назгүл Мұрзақасымова, Ақмарал Дарменбаева, Жәнібек Шукаманов, Асланбек Мұрзахметов, Гүлхан Нұрадин, Гүлнар Зияева және Эльвира Сарыбаева енді.

Рейтингтің алғашқы ондығына енген оқытушылар 2026–2027 оқу жылының қыркүйек айынан бастап ай сайын 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде ынталандыру төлемін алады.

Сонымен қатар, рейтингтің ТОП-100 қатарына енген қызметкерлерге орындарына қарай ай сайын ынталандыру төлемі қарастырылған. Атап айтқанда, 1–10 орын иегерлеріне – 30 АЕК, 11–25 орын иегерлеріне – 25 АЕК, 26–50 орын иегерлеріне – 20 АЕК, 51–75 орын иегерлеріне – 15 АЕК, ал 76–100 орын иегерлеріне 10 АЕК көлемінде төлем төленеді.

Факультеттер арасындағы рейтинг қорытындысы бойынша Технологиялық факультет бірінші орынды иеленді. Факультет жалпы 11 230,33 балл жинап, орташа рейтингтік көрсеткіші 75,63 балды құрады. Қол жеткізген жоғары нәтижелері үшін факультет деканы Әбілхан Сәдібаевтың атынан факультетке 100 АЕК көлемінде біржолғы сыйақы беріледі.

Университеттің ғылыми-зерттеу орталықтары арасында инженерлік бейіндегі А.С. Ахметов атындағы наноинженерлік зерттеу әдістері ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Исабай Бекбасаров ең жоғары рейтингтік көрсеткішке қол жеткізді.

Кафедралар арасында жалпы 1874,75 балл және 156,23 орташа көрсеткішпен «Тоқыма, материалтану және стандарттау» кафедрасы бірінші орынға ие болды. Кафедра меңгерушісі Рахымжан Қауымбаев университеттің үздік құрылымдық бөлімше басшыларының қатарына енді.

Екінші орынды «Химия және химиялық технология» кафедрасы иеленді. Кафедра меңгерушісі – Айша Нұрлыбаева. Ал үшінші орын «Тағам өндірісі және биотехнология» кафедрасына бұйырды. Кафедра меңгерушісі – Махамедқали Кенжеходжаев.

Талқылау барысында Ғылыми кеңес мүшелері рейтинг нәтижелері профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің кәсіби белсенділігінің жоғары деңгейін айқындайтынын, академиялық тиімділік мәдениетін қалыптастыруға, ғылыми нәтижелілікті арттыруға және білім беру үдерісінің сапасын үздіксіз жетілдіруге ықпал ететінін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша KPI жүйесін одан әрі жетілдіру, оқытушылардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысуын кеңейту, ғылыми жарияланымдар белсенділігін арттыру, онлайн-курстар әзірлеу және тұрақты даму саласындағы бастамаларды іске асыру жөніндегі ұсынымдар бекітілді.

Ішкі кәсіби KPI рейтингі университет қызметкерлерін ынталандырудың негізгі құралдарының бірі болып табылады. Ол еңбек нәтижелерін объективті бағалауды қамтамасыз етіп, үздік оқытушыларды қолдауға және М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұлттық және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.