News

«МЕНІҢ БОЛАШАҚ МАМАНДЫҒЫМ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЭССЕ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Университет қабырғасында «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасы жанындағы «Технолог» студенттік ғылыми үйірмесінің ұйымдастыруымен «Менің болашақ мамандығым» тақырыбында эссе байқауы өтті.

Байқауға Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының 9–10 сынып мектеп оқушылары және Байзақ ауданы колледжінің студенттері қатысты.

Байқаудың мақсаты – жастар арасында мамандық таңдаудың маңызын түсіндіру, оқушылардың өз болашағына қатысты айқын көзқарасын қалыптастыру арқылы техникалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын насихаттау.

Байқаудың ашылу рәсімінде Технология факультетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі декан орынбасары, доцент м.а. Г.Б. Джумабекова құттықтау сөз сөйлеп, техникалық мамандықтардың ерекшелігі мен оларды таңдаудың артықшылықтарына тоқталды. Сонымен қатар, аяқ киім және былғары бұйымдарын модельдеу мен өндіру саласы жөнінде баяндама жасап, «Технолог» студенттік ғылыми үйірмесінің қызметі мен жетістіктері туралы презентация ұсынды.

Эссе байқауына 30-дан астам жұмыс қабылданды. Қатысушылар өз шығармаларында болашақ мамандығына қатысты армандары мен мақсаттарын баяндап, таңдаған кәсібінің қоғамдағы рөліне тоқталды.

Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстардың авторлары дипломдармен және қатысушылар сертификаттарымен марапатталды. Атап айтқанда, Байзақ колледжінің 1 курс студенті Муса Жансұлу, Жамбыл ауданы Аса ауылындағы №1 орта мектептің 10 сынып оқушысы Ибраим Әсел, Байгелді Кейкіев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Бейсенбек Кәусар, Тараз қаласындағы №32 орта мектептің оқушылары Иргибай Гүлнұр, Оңласын Дария және Үміртай Айзере, Шоқай ауылындағы №3 орта мектептің 9 сынып оқушысы Қожахан Сандуғаш үздіктер қатарынан көрінді.

Байқауды ұйымдастыруға кафедраның аға оқытушысы, PhD Л.Х. Юсупова белсенді қатысып, мектеп оқушыларына ізгі тілегін жеткізді. Ал, зертхана меңгерушісі С.Н. Бурдеева қатысушыларға кафедраның «Shoes Centre» және «REILEAP» орталықтары, оқу кабинеттері мен зертханалық нысандары бойынша экскурсия жүргізді.

Марапат иелерін құттықтаймыз! Болашақ мамандықтарын таңдауда нық қадам жасап, білім мен шығармашылық жолында биік белестерді бағындыра берулеріне тілектеспіз!