News

ӨҢІРДЕГІ БИОТЕХНОЛОГИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА ТЕТІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Дулати университетінің басшылығы мен «Shengtai Biotech Co. Ltd» компаниясының өкілдері кездесіп, стратегиялық серіктестікті нығайту мәселелерін қарастырды. Кездесуге компания тарапынан «Shengtai Biotech» ЖШС Бас директоры Вань Яндунь және компанияның кадрлар бөлімінің басшысы Ся Киян (Xia Qiang) қатысты. Ал, университет тарапынан Директорлар кеңесінің Төрағасы Бақтыбай Қасымбеков, Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева, Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгуль Кудретуллаева, Технологиялық факультеттің деканы Абильхан Садибаев қатысты.

Кездесу барысында тараптар Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаның іске қосылу барысын және ғылыми ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру жолдарын талқылады.

Жүгеріні терең өңдеуге бағытталған зауыт Fufeng Group корпорациясының қолдауымен салынып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталып, қарқынды жүргізілуде. Бірінші кезеңде жылына 3 миллион тонна жүгері өңделсе, екінші кезеңде бұл көрсеткіш 5 миллион тоннаға жетіп, Орталық Азиядағы ең ірі биоферментация базасына айналады.  

Зауыт халықаралық нарыққа валин, изолейцин, лейцин және глютамин сияқты өнімдер шығарады. Жоба аясында 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Осы өндірістік қуаттылықты, жылына 1 млн тонна көмір өндіретін «Андасай» кен орнын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында университет 220 маман даярлауды жоспарлап отыр. Олардың қатарында биотехнологтар мен химиктерден бөлек, тау-кен инженерлері, геологтар мен маркшейдерлер бар. Сонымен қатар, оқу орнында халықаралық компанияның индустриалды кафедрасы мен биотехнология бағытындағы академиялық кемелділік орталығын құру көзделген. Орталық білім беру бағдарламаларын өндіріс талаптарына бейімдеуге мүмкіндік береді.

Кездесу аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға бағытталған жаңа қаржыландыру тетіктері де қарастырылды. Атап айтқанда, университет жанынан эндаумент қорын құру және жер қойнауын пайдаланушылар табысының 1 пайызын ғылыми зерттеулерге бағыттау ұсыныстары талқыланды.

Осылайша, жүзеге асырылып жатқан бастамалар ғылым, білім және өндіріс арасындағы тиімді байланысты қалыптастырып, өңір экономикасының дамуына серпін береді.