News

ПРОФЕССОР МҰРАТ ТҮЛЕНБАЕВ АТЫНДАҒЫ КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

Университет қабырғасында техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі Мұрат Түленбаевтың аты берілген оқу кабинеті салтанатты түрде ашылды.

Салтанатты шараға ғалымның отбасы мүшелері, әріптестері, ұзақ жылдық достары мен университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Басқосудың мақсаты – өмірін ғылым мен білімге арнаған белгілі ғалымның ғылыми мұрасын болашақ ұрпаққа насихаттау.

Кабинет алдында орналасқан фойеде профессордың портреті, өмірбаяндық деректері, ғылыми еңбектерінің көрмесі және арнайы дайындалған тарихи-естелік бейнематериал ұсынылды.Қонақтар назарына ұсынылған бейнесюжетте Мұрат Сауранбайұлының жастық шағы, ғылыми ортадағы қызмет жолы, университеттегі күнделікті жұмысы, конференциялардағы сәттері, шәкірттерімен, әріптестерімен және отбасымен түскен фотолары қамтылды. 

Жиын барысында құрметті қонақтар ғалым жөнінде бірқатар жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Кәсіподақ ұйымының төрағасы Берік Есентайұлы сөз алып, профессордың еңбекқорлығын, ұстанымын және ұжымға сіңірген үлесін ерекше атап өтті. Мұрат Сауранбайұлының ғылыми мектеп қалыптастырғанын, әрбір жас маманға бағыт-бағдар беріп, ұстаздықтың ең биік үлгісін көрсеткенін жеткізді. Ал, Технологиялық факультеттің деканы Абильхан Садибаев профессордың білім беру саласына жасаған еңбектерін ерекше дәріптеді. Декан өз сөзінде, оның ғылыми жаңалықтары факультеттің дамуына серпін бергенін, білім беру процесін жетілдіруге үлкен ықпал еткенін айтты. Сонымен қатар, ұстаздың адамгершілік болмысын, әріптестеріне деген қамқорлығын, студенттерге көрсеткен тәлімін құрметпен еске алды.

Келесі кезекте отбасылық досы, әріптесі, э.ғ.д., профессор Серік Тажибаев, т.ғ.д, профессор Манат Тлебаев, профессор Мұхтар Жүнісбеков, Шерхан Муртаза атындағы Халықаралық университетінің проректоры Орынқыз Жолдасова сөз алып, ғалымның ұстанымдары, адамгершілігі және оның ғылымдағы ерекше орны туралы естеліктерімен бөлісті. Профессордың қызы Жәния Мұратқызы жиналғандарға алғыс білдіре отырып, әкесінің шәкірт тәрбиелеуге деген талпынысы мен адамдық қалпы оның ең басты мұрасы екенін атап өтті. Өз сөзінде, кабинеттің студенттерге жаңа мақсаттар, ғылыми ізденістер әкелетін орынға айналатынына сенім білдірді. Қорытынды сөзді профессордың жары Светлана Аманбековна айтып, ғалымның өмір жолында бірге болған жар ретінде оның еңбегі мен адамдық қасиеті туралы әсерлі естеліктерін жеткізді. 

Басқосу соңында ұйымдастырушылар шараға қатысқан барлық қонақтарға алғыс білдіріп, профессордың ғылыми мұрасы ел игілігіне қызмет ете беретініне сенім білдірді.