News

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ БІЛІМ САЙЫСЫНДА УНИВЕРСИТЕТ КОМАНДАСЫ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

29–30 сәуір күндері С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Стандарттау, сертификаттау және метрология» білім беру бағыты бойынша студенттер арасында XVIII Республикалық пәндік олимпиаданың II кезеңі ұйымдастырылды.

Байқауға еліміздің түрлі өңірлерінен осы бағытта мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Олимпиада жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың теориялық білімдері мен кәсіби дағдылары жан-жақты сынға түсті.

Байқауға университет атынан «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Гүлзат Ораздың жетекшілігімен «Өнеркәсіптегі стандарттау және сапаны басқару» білім беру бағдарламасының студенттері Фархад Амангелді, Думан Оразғалиев және Бексұлтан Самалиев қатысты. Олимпиада қорытындысы бойынша университет командасы жоғары нәтиже көрсетіп, алғаш рет республикалық деңгейде жеңімпаз атанды. Ал жеке есепте 3-курс студенті Думан Оразғалиев абсолютті жеңімпаз атанып, I орынды иеленді.

Жеңімпаздар дипломдармен, сертификаттармен, бағалы сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды. Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Алдағы уақытта да талмай ізденіп, жаңа белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспіз!