News

РХТУ ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖАҢА ДАМУ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Таразда Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің (РХТУ) филиалында Қамқоршылық кеңестің II отырысы өтті.

Басқосуға Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің басшылығы, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева, индустриялық серіктестер, мемлекеттік органдардың өкілдері, білім және ғылым саласының мамандары қатысты.

Жиын барысында филиалдың нәтижелері қорытындыланып, алғашқы отырыста қабылданған шешімдердің орындалу барысы қаралды. 2026–2027 оқу жылына арналған негізгі даму бағыттары мен алдағы кезеңге арналған стратегиялық жоспарлар бекітілді. Сонымен қатар, химия өнеркәсібі үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысуына жағдай жасау, өндірістік тәжірибелердің сапасын арттыру және халықаралық серіктестік байланыстарды кеңейту бағытындағы жұмыстар қаралды.

Отырыс барысында білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру және өндіріс орындарымен байланысты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қамқоршылық кеңестің мүшелері филиалдың қысқа уақыт ішінде қол жеткізген нәтижелерін жоғары бағалап, өңірде ғылыми-білім беру кеңістігіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.

Қамқоршылық кеңестің шешімімен филиалды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды ұсыныстар қабылданды. Атап айтқанда, жаңа бакалавриат білім беру бағдарламаларын ашу, магистратура және PhD бағдарламаларын іске қосу, ғылыми зерттеулер ауқымын кеңейту, заманауи ғылыми зертханалар құру және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бастамалар қолдау тапты.

Айта кетейік, Тараз қаласындағы Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы – «Қазфосфат» ЖШС, Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің бірлескен жобасы.

Бүгінде филиал өңірдегі химия-технологиялық білім беру мен ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Білім беру бағдарламаларының кеңеюі, ғылыми әлеуеттің нығаюы және өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнату нәтижесінде еліміздің стратегиялық маңызы бар салалары үшін жоғары білікті мамандар даярлауға қолайлы жағдай жасалуда.