News

ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРГЕ КӨШІ-ҚОН ЗАҢНАМАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Университет қабырғасында шетелдік студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Шетелдік студенттермен көші-қон заңнамасы және діни экстремизмнің алдын алу мәселелері» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.

Басқосуға Халықаралық ынтымақтастық басқармасының өкілдері, Әлеуметтік жұмыс және Дінтану мамандары, Жамбыл облысы Полиция департаментінің көші-қон қызметі мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің мамандары және университетте білім алып жатқан шетелдік студенттер қатысты.

Басқосу мақсаты – шетелдік студенттерге Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын түсіндіру, олардың ел аумағында қауіпсіз әрі заңды түрде білім алуына жағдай жасау, діни экстремизм мен радикалды ағымдардың алдын алу бағытында ақпарат беру.

Басқосуды Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есимова алғы сөзбен ашып, университеттің халықаралық бағыттағы жұмысының жыл сайын кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Шетелдік студенттер санының артуы білім ордасының беделін көрсететін маңызды көрсеткіш екенін айтып, олардың оқу мен өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау басты міндеттердің бірі екенін жеткізді. Сондай-ақ, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Ал, Жамбыл облысы ПД КҚҚБ бастығы полция подполковнигі Арай Аимбек өз сөзінде, шетелдік азаматтардың Қазақстан аумағында болу тәртібі заңмен қатаң реттелетінін түсіндірді. Визалық режим, уақытша тіркеу және көші-қон талаптарын сақтау әрбір студенттің міндеті екенін айтып, заң бұзушылықтардың алдын алу маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар, көші-қон қызметі тарапынан тұрақты бақылау жүргізілетінін және түсіндіру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

Университет соңғы жылдары халықаралық білім беру кеңістігінде айтарлықтай көрсеткіш көрсетіп отыр. Статистикалық деректерге сәйкес, 2025–2026 оқу жылында университетте 683 шетелдік студент білім алуда. Олардың басым бөлігі Түрікменстан мен Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан, Германия және Ресей азаматтары. Кездесу барысында университет басшылығы шетелдік студенттердің бейімделуін жеңілдетуге бағытталған жаңа бастамаларды таныстырды. Атап айтқанда, әр факультетте жауапты үйлестірушілер тағайындалып, оқу үлгерімі мен сабаққа қатысу көрсеткіштері тұрақты бақылауға алынбақ. Сонымен қатар, шетелдік студенттер Халықаралық ынтымақтастық басқармасында тұрақты түрде тіркеуден өтіп отырады.

Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының АМІЖ аға жедел уәкілі Зарипжан Юсупов сөз алып, діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың алдын алу мәселелеріне тоқталды. Жастардың ақпараттық сауаттылығын арттыру және күмәнді діни ағымдардан сақтану қажеттігін атап өтті. Ол кез келген заңсыз діни әрекеттер қоғам қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін айтып, мұндай жағдайларда құқық қорғау органдарына жедел хабарлау маңызды екенін жеткізді. Ал, учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Азамат  Ортаев шетелдік студенттердің күнделікті өмірдегі құқықтары мен міндеттеріне тоқталды. Қоғамдық тәртіпті сақтау, тіркеу ережелерін бұзбау және заңсыз еңбекке араласпау мәселелерін түсіндірді. Сонымен қатар, студенттермен тұрақты байланыс орнатылып, қажет болған жағдайда құқықтық кеңес берілетінін сөз етті. 

Әлеуметтік жұмыс басқармасының дінтану бойынша бас маманы Бахтияр  Алпысбаев жастардың діни сауаттылығын арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Маман радикалды идеялардың алдын алуда дұрыс ақпарат пен сыни ойлау қабілетінің рөлі зор екенін айтты. Сонымен қатар, студенттерге дәстүрлі құндылықтарды сақтау, бейбітшілік пен өзара құрмет қағидаларын ұстану қажеттігін жеткізді. 

Басқосу соңында студенттер мамандармен еркін форматта пікір алмасты. Шетелдік білімгерлерге құқықтық және ақпараттық жадынамалар таратылды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.