News

Спортшы студенттермен тағылымды кездесу өтті

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде ерекше білімді қажет ететін спортшы студенттерге арналған мазмұнды әрі тағылымы зор кездесу өтті.

Кездесуге Басқарма Төрағасы – Ректорының у.м.а. Сейтжан Орынбаев, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Рысгүл Кудретуллаева, әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы Арнат Ултанбаев қатысты.

Іс-шара барысында университет басшылығы инклюзивті білім беру мен тең мүмкіндіктер қағидаты оқу орнының басты құндылықтарының бірі екенін атап өтті.

Кездесу еркін сұхбат форматында өтіп, спортшы студенттердің жетістіктері атап өтіліп, алдағы мақсаттары туралы ой-пікірлері тыңдалды. Сондай-ақ марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, бұл марапаттар студенттердің өткен еңбегіне берілген баға ғана емес, болашақтағы жаңа жеңістерге деген сенім мен қолдаудың белгісі екені ерекше айтылды.

Шара барысында студенттердің ата-аналары да сөз алып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, ата-ана Хаймулдина Жанат және Абишов Нұрсұлтан тарапынан қойылған сұрақтарға университет басшылығы тарапынан толыққанды жауаптар берілді. Бұл өз кезегінде ата-ана мен оқу орны арасындағы ашық әрі сенімді байланыстың көрінісі.

Іс-шара соңында қатысушыларға мықты денсаулық, сарқылмас күш-жігер және оқу мен спорт жолында толағай табыстар тілеп, спортшы студенттер М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің әрі еліміздің мақтанышы бола беретініне сенім білдірілді.