News

СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК АЯСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева Тараз қаласындағы Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті филиалының жаңа басшысы Николай Александрович Макаровпен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу аясында тараптар екі жоғары оқу орны арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттарын талқылады. Негізгі назар бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруға және заманауи зертханалар ашуға аударылды. Сонымен қатар, өңірдің химия өнеркәсібіне қажетті білікті мамандар даярлау, академиялық ұтқырлықты кеңейту және жетекші ресейлік ғалымдар мен оқытушыларды тарту мәселелері қарастырылды. Индустриялық серіктестермен өзара іс-қимылды нығайту да кездесудің маңызды бағыттарының бірі болды.

Жаңа басшының тағайындалуы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, химиялық білім мен ғылым саласындағы ауқымды жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Тараптар алдағы бірлескен жұмыстар университеттердің халықаралық академиялық кеңістіктегі беделін арттырып, өңірдің ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.