Университет қабырғасында «Тәуекелдерді басқару жүйесі: тәуекелдерді басқарудың қағидаттары, міндеттері мен құралдары» атты оқыту бағдарламасының екінші күні жалғасын тапты. Бұл күн университет қызметіне тәуекелге бағдарланған басқару жүйесін енгізудің практикалық аспектілеріне арналды.
Тренингте Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева сөз алып, қазіргі таңда университеттердің табысты дамуы тек академиялық көрсеткіштермен ғана өлшенбейтіні сөз етті. Басқару жүйесінде тәуекелдерді дер кезінде анықтап, оларды кәсіби деңгейде басқару – тұрақты даму мен стратегиялық мақсаттарға қол жеткізудің маңызды факторы әрі осындай оқыту бағдарламалары ұжымның басқару мәдениетін жаңа деңгейге көтеретінін тілге тиек етті. Ал, Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова тәуекелдерді басқару – бұл тек қауіптерді анықтау ғана емес, мүмкіндіктерді дұрыс бағалау екенін баса айтты. Университеттің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету үшін әрбір құрылымдық бөлімше өз қызметіндегі ықтимал тәуекелдерді түсініп, оларды басқару тетіктерін жүйелі түрде қолдануы қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар, Бағдарламаның бизнес-тренері Маржан Ембердинова тәуекелдерді басқару жүйесі тиімді болуы үшін ол тек құжат жүзінде емес, күнделікті басқару тәжірибесінің бір бөлігіне айналуы керек. Сондықтан біз нақты мысалдар мен кейстер арқылы әр бөлімшенің қызметінде кездесуі мүмкін тәуекелдерді талдап, оларды басқарудың практикалық құралдарын қарастырғанын сөз етті.
Тренинг барысында құрылымдық бөлімшелердің басшылары, факультет декандары және кафедра меңгерушілері практикалық кейстермен жұмыс істеді. Қатысушылар басқару және білім беру үдерістерінде туындауы мүмкін тәуекелдерді талдап, оларды бағалаудың заманауи әдістерімен танысып, тиімді басқару жолдарын әзірледі.Әсіресе жобалық топтардағы жұмыс үлкен қызығушылық тудырды.
Тренинг соңында қатысушылар тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру және бөлімшелер қызметінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірледі.




