Университет қабырғасында «Тәуекелдерді басқару жүйесі: тәуекелдерді басқарудың қағидаттары, міндеттері мен құралдары» атты оқыту бағдарламасының үшінші күні жалғасын тапты. Бұл күн тереңдетілген тәжірибелік жұмысқа және университеттің негізгі тәуекелдерін басқару бойынша ұсыныстар әзірлеуге арналды.
Тренингте Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева сөз алып, тәуекелге бағдарланған басқару жүйесін дамыту қазіргі кезеңде университеттің тиімді стратегиялық дамуы үшін аса маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, мұндай оқыту бағдарламалары басқару мәдениетін жетілдіруге, шешім қабылдау сапасын арттыруға және университет қызметінің тұрақты дамуына ықпал ететінін жеткізді. Ал, Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова тәуекелдерді уақытылы анықтау мен жүйелі түрде басқару университет қызметінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Тәуекел-менеджмент элементтерін стратегиялық және операциялық жоспарлауға енгізу білім беру ұйымдарының тұрақты дамуына мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Бағдарламаның бизнес-тренері Маржан Ембердинова тәуекелдерді анықтау, талдау және оларды басқарудың заманауи әдістері жөнінде жан-жақты түсіндіріп өтті. Ол қатысушыларға тәуекелдерді бағалау, олардың ықтимал әсерін талдау және тиімді басқару тетіктерін қалыптастыру бағытында практикалық мысалдар келтіріп, кәсіби ұсыныстарымен бөлісті.
Тренинг барысында факультет декандары, кафедра меңгерушілері және құрылымдық бөлімшелердің басшылары топтық жұмыс нәтижелерін ұсынып, тәуекелдерді анықтау және талдау бойынша жүргізілген жұмысты таныстырды. Сонымен қатар, тәуекелдердің туындауына ықпал ететін факторлар талқыланып, оларды басқару бойынша нақты шаралар ұсынылды. Университеттің тәуекелдер тізілімі мен тәуекелдер картасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарға, тәуекелдерді басқару жүйесін стратегиялық және операциялық жоспарлауға енгізу тетіктеріне ерекше назар аударылды.
Айта кету керек, мұндай оқыту шаралары университет қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, тәуекелдерді басқару мәдениетін қалыптастыруға және білім беру ұйымының тиімді жұмыс істеуіне негіз болады.



