News

ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті колледжінің ұйымдастыруымен «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты тағылымды кездесу өтті.

Басқосуға Ауған соғысының ардагері, генерал-майор Әлімжан Ерниязов пен Тараз қалалық Ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы, ҰҚК-ның отставкадағы полковнигі Сауранбек Жамалбеков және білімгерлер мен оқытушылар қатысты.

Кездесу мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру арқылы адамгершілік құндылықтарды дәріптеу және ерлік рухын насихаттау.

Еркін форматта өткен кездесу барысында спикерлер Ұлы Отан соғысының адамзатқа тигізген ауыр зардаптары мен Ауған соғысы жылдарында қазақстандық жауынгерлердің көрсеткен ерліктері жөнінде кеңінен әңгімеледі. Олар ел мен жер үшін аянбай қызмет еткен жауынгерлердің ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Білімгерлер Ауған соғысының ардагері Әлімжан Қанағатұлымен сұхбаттасып, өздерін қызықтырған сұрақтарына нақты әрі мазмұнды жауап алды. Ардагер өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарды елжандылыққа, тәртіп пен жауапкершілікке шақырды.

Басқосу соңында Тараз қалалық Ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сауранбек Жамалбеков қатысушыларға ақ батасын беріп, жастарға ізгі тілегін жеткізді. Ал, білімгерлер ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.