News

ТАРАЗДА «STUDY IN KAZAKHSTAN» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КӨРМЕСІ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті ҚЕ АҚ ұйымдастыруымен  10 және 11 сынып оқушыларына арналған «Study in Kazakstan» республикалық көрмесі өтті.

Көрменің мақсаты – мектеп түлектеріне еліміздегі жоғары оқу орындары туралы кеңінен ақпарат беру, кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізу және Қазақстанда ашылған шетелдік филиалдарын таныстыру.

Көрмеге Қазақстанның 60-қа жуық жетекші жоғары оқу орындары мен елімізде ашылған беделді шетелдік университеттер филиалдарының өкілдері қатысты. Күннің алғашқы бөлігінде басқосуға 3000 - ға жуық  мектеп оқушысы мен ата-аналар қатысты.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев сөз алып, қазіргі таңда еліміздің көптеген өңірлерінде шетелдің білікті жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылып, қос диплом жүйесі бойынша білім алуға жағдай жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ, алдағы уақытта шетелдік жоғары оқу орындарының санын арттыру көзделіп отырғанын жеткізіп, түлектерге жылы лебізін білдірді. Ал, Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева жоғары білім беру жүйесіндегі қазіргі заманғы өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктерге тоқталып, білім сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Талапкерлерге өз болашағын саналы түрде жоспарлап, мамандық таңдауда нақты мақсат қою қажеттігін жеткізді. Жастарды үздіксіз білім алуға, өз қабілеттерін дамытуға және еліміздің дамуына үлес қосатын бәсекеге қабілетті маман болуға шақырды.

Талапкерлерге ҰБТ сарапшысы, «Dostyq online» негізін қалаушысы Фархат Сұлтабаев ҰБТ-ға дұрыс дайындалу жолдарын түсіндіріп, мемлекеттік гранттарды иелену мүмкіндіктері мен мамандық таңдауда жиі жіберілетін қателіктер туралы жан-жақты айтып өтті. Дұрыс бағыт-бағдар ұстану арқылы өз қабілетіне сай мамандықты таңдаудың маңыздылығын атап өтіп, түлектерге құнды кеңестерімен бөлісті.

Жиын барысында арнайы көрме аймақтары жұмыс істеп, қатысушылар еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының білім беру жүйесімен жан-жақты танысу мүмкіндігіне ие болды. Университет өкілдері оқу бағдарламалары мен халықаралық жобаларын таныстырып, әр оқу орнының артықшылықтары мен білім беру бағыттары бойынша кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, өнерпаздар қатысушыларға мәдени демалыс пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бітіруші түлектерге Дулати университетінің базасынан ашылған Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті туралы толыққанды ақпараттар қамтылып, білім мен тәрбие алу мүмкіндігі туралы баяндалды. Мектеп оқушылары да өздерін қызықтырған сұрақтарын жолдап, сапалы жоғары оқу орнына түсуге қатысты пайдалы кеңестер алды.  

Көрме үш кезең бойынша өткізілді. Алғашқы екі бөлім мектеп түлектеріне арналса, үшінші бөлімде ата-аналар мен кәсіптік бағдар беру мамандарына арнайы ақпараттық жұмыстар жүргізілді. Көрме соңында қатысушылар үшін еркін форматта сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, білім беру саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

«Study in Kazakstan» республикалық көрмесі алдағы уақытта еліміздің басқа қалаларында өз жұмысын жалғастырады.