News

ЦИФРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН МЕДИА САУАТТЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының ұйымдастыруымен «Цифрлық қалқан: Кибергигиена және медиа сауаттылық негіздері» тақырыбында танымдық кездесу өтті.

Басқосуға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі аға прокуроры Жанболат Алимбаев және студенттер қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік мәселелері, кибергигиенаның маңыздылығы және медиа сауаттылықты қалыптастыру бағытындағы өзекті тақырыптар кеңінен қозғалды. Атап айтқанда Жанболат Алимбаев студенттерге виртуалды әлемдегі түрлі қауіптер, интернет алаяқтық, психологиялық шабуылдар, когнитивті манипуляциялар мен әлеуметтік желілердегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелері туралы жан-жақты мағлұматтарды қамтыды. Сонымен қатар, қазіргі қоғамдағы ақпараттық мәдениетті қалыптастыру, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортада сақтық шараларын сақтау жөнінде пайдалы кеңестер берді. Ал, «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының аға кураторы Ләззат Абдыкеримова жастардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру мен цифрлық ортадағы жауапкершілікті арттыру мәселелерінің маңыздылығын жеткізді. Студенттердің киберқауіпсіздік саласындағы білімін жетілдіру және медиа сауаттылық деңгейін көтеру қазіргі заманның басты қажеттіліктерінің бірі екенін тілге тиек етті.

Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тақырып аясында еркін форматта пікір алмасты. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.