News

Университет ректоры Ханчжоудың жергілікті арнасына сұхбат берді

30 қыркүйек күні Ханчжоу қаласында цифрлық сән саласындағы таланттар, академиялық орта және индустрия өкілдерінің халықаралық конференциясы өтті. Ауқымды іс-шараға әлемнің 18 елінен 400-ден астам қатысушы жиналды. Қазақстандық делегацияны М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева басқарды.

Конференция аясында Дулати университетінің ректоры Ләззат Еркінбаева Ханчжоудың жергілікті телеарнасына сұхбат беріп, жасанды интеллект пен цифрлық сәннің даму болашағы, Қытайдың тоқыма және тігін индустриясының артықшылықтары және Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобалары туралы айтты.

Ректор Қытайда шикізат, ғылыми зерттеулер, цифрлық дизайн, өндіріс, брендтер және электрондық сауда біртұтас экожүйеге біріктірілгенін атап өтті. Бұл тәжірибені Дулати университетінің табиғи материалдар, тоқыма, дизайн және мәдени мұра саласындағы әлеуетімен ұштастыру екі ел үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Сұхбатта ақылды және дербестендірілген киім, 3D дизайн, виртуалды киіп көру, материал шығыны мен өндірістік қалдықтарды азайту, сондай-ақ қазақтың ою-өрнегін, дәстүрлі киім үлгілерін және қолөнер технологияларын цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Ләззат Еркінбаева 29 қыркүйекте қол қойылған төртжақты келісім мен ашылған «Жібек жолы» цифрлық және интеллектуалды киім бірлескен зертханасы аталған идеяларды нақты зерттеулерге, студенттік стартаптарға және Қазақстан мен Қытай кәсіпорындарына арналған прототиптерге айналдыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Конференция барысында Ләззат Еркінбаеваға Zhejiang Garment Industry Association тарапынан Fashion Engineer Innovation Entrepreneurship Mentor, яғни сән инженериясындағы инновациялар мен кәсіпкерлік жөніндегі тәлімгер мәртебесін растайтын сертификат табысталды. Бұл тағайындау Дулати университетінің тоқыма, цифрлық сән және салалық кәсіпкерлік салаларындағы халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесінің мойындалуы болмақ.