News

УНИВЕРСИТЕТТЕ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН SES ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Дулати университетінде Senior Expert Service (SES) халықаралық бағдарламасы шеңберінде сарапшы Урсула Геринг өз қызметін бастады. Осыған орай, Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова сарапшымен кездесу өткізді.

Бағдарламаның мақсаты – тек талдау жүргізу емес, қысқа мерзім ішінде енгізуге болатын нақты шешімдер ұсыну.

Бағдарлама аясында сарапшы университетте үш апта бойы жұмыс істейді. Бұл формат бір реттік кеңес берумен шектелмей, жоғары оқу орнының негізгі басқару және академиялық процестеріне терең талдау жүргізуге мүмкіндік береді. SES жобасы стратегиялық даму, білім сапасын қамтамасыз ету, аккредитация және рейтингтер, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, оқытудың заманауи әдістерін енгізу бағыттарын қамтиды.

Жұмыс барысында сарапшы академиялық және әкімшілік бөлімшелермен бірлесіп әрекет етеді. Сонымен қатар, білім беру бағдарламаларына талдау жасалып, олардың күшті және әлсіз тұстары анықталады. Нәтижесінде оларды жетілдіруге арналған практикалық ұсыныстар әзірленеді.

Бұдан бөлек цифрландыру үдерістері, университет инфрақұрылымы және кітапхананың заманауи білім беру орталығы ретіндегі рөлі де қарастырылады.

SES форматының ерекшелігі – халықаралық сарапшылардың университет ұжымымен тікелей жұмыс істеп, еуропалық үздік тәжірибелерді жергілікті білім беру жүйесіне бейімдеуі.