М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде отандық ғалымдардың ғылыми еңбектерін халықаралық академиялық кеңістікте ілгерілету стратегиялары мен тетіктеріне арналған ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Семинарға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, жас зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Семинар мақсаты – авторлардың жарияланымдық белсенділігін жүйелі түрде арттыру арқылы жетекші халықаралық рецензияланатын ғылыми басылымдармен жұмыс істеудің заманауи талаптары мен стандарттарын меңгеру.
Семинар барысында қатысушылар ғылыми мақалаларды дайындау және халықаралық ғылыми журналдарға ұсынудың негізгі кезеңдері бойынша жан-жақты ақпарат алды. Атап айтқанда, халықаралық ғылыми журналдардың зерттеу мазмұны мен құрылымына қоятын өзекті талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар, ғылыми жарияланымдардың әртүрлі жанрлары, оның ішінде шолу мақалалары (review), түпнұсқа ғылыми зерттеулер және эксперименттік жұмыстардың нәтижелеріне негізделген мақалаларды жазудың әдістемесі мен ерекшеліктері қарастырылды. Сондай-ақ, профильдік ғылыми журналды дұрыс таңдау, оның халықаралық дерекқорларда индекстелуін тексеру, қолжазбаны техникалық талаптарға сәйкес рәсімдеу тәртібі жөнінде практикалық ұсынымдар берілді. Бұдан бөлек, зерттеушілердің жарияланымдық белсенділігін ынталандыру, университеттің халықаралық рейтингтердегі ғылыми беделін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинар соңында қатысушылар ғылыми мақалаларды жазу үдерісін оңтайландыруға, редакциялар тарапынан бас тарту тәуекелдерін азайтуға және университет ғалымдарының дәйексөзделу индексін арттыруға мүмкіндік беретін практикалық ұсынымдар мен дайын чек-парақтарға ие болды.

