News

ҮШ ОҚЫТУШЫ «ЗЕРТТЕУШІ-ОҚЫТУШЫ» АТАНДЫ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде жоғары оқу орнының ішкі біліктілік санаттарын тағайындау конкурсының қорытындысы шығарылды. Университеттің арнайы комиссиясы үміткерлердің ғылыми-зерттеу қызметін, ғылыми жарияланымдарын, академиялық жетістіктері мен ғылымның дамуына қосқан үлесін жан-жақты саралай отырып, профессор-оқытушылар құрамының үш өкіліне «Зерттеуші-оқытушы» біліктілік санатын беру туралы шешім қабылдады.

«Зерттеуші-оқытушы» біліктілік санаты ғылыми-зерттеу қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген, халықаралық және республикалық деңгейде ғылыми еңбектерімен танылған, білім беру үдерісін ғылыммен ұштастырып, университеттің ғылыми әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген оқытушыларға беріледі.

Биылғы конкурс қорытындысы бойынша ғылым докторы, профессор, «Жаратылыстану ғылымдары» факультеті «Математика» кафедрасының профессоры Мұсақан Мұратбеков, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Технологиялық факультет «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Халипа Садиева және психология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті «Педагогикалық психология» кафедрасының доценті Махаббат Оспанбаева «Зерттеуші-оқытушы» біліктілік санатына ие болды.

Аталған біліктілік санаты оқытушылардың ғылыми-зерттеу қызметіндегі кәсіби шеберлігі мен жоғары академиялық деңгейінің айқын көрсеткіші болып табылады.

Бүгінде М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде ғылым мен инновацияны дамытуға, ғылыми мектептердің қалыптасуына және зерттеушілердің кәсіби өсуіне қолайлы орта қалыптасқан. Университетте ғылыми ізденістерді қолдауға, халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға және ғылыми әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Аталған бағыттағы жүйелі жұмыстар университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, еліміздің ғылымының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Марапат иелерін құттықтаймыз! Ғылым жолындағы ізденістеріңізге толағай табыс, жаңа ғылыми жетістіктер, шығармашылық шабыт тілейміз!