News

ЖАСТАР АРАСЫНДА ЭЛЕКТОРАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Жас сайлаушылардың электоралдық белсенділігі мен сайлау мәдениетін дамыту – өзекті мәселе тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. 

Басқосудың мақсаты – жастардың сайлау процесіне деген қызығушылығын арттыру, олардың құқықтық және саяси сауаттылығын күшейту арқылы азаматтық белсенділігін дамыту.

Жиынға жастар саясаты саласының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және жоғары оқу орындарының білімгерлері қатысты.

Жиынды Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов алғы сөзбен ашып, жастардың қоғамдағы орнына кеңінен тоқталды. Өз сөзінде, сайлау мәдениетін тек дауыс беру процесімен шектеуге болмайтынын, оның мәні әр азаматтың құқықтық сауаттылығы мен қоғамдық жауапкершілігін айқындайтын маңызды өлшем екенін айтты. Сонымен қатар, жас буынның электоралдық тәжірибені ерте кезеңнен меңгеруі олардың азаматтық көзқарасының қалыптасуына және саяси мәдениетінің жетілуіне тікелей әсер ететінін жеткізді. Ал, Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева жоғары білім беру жүйесінің бүгінгі қоғам алдындағы жауапкершілігіне тоқталды. Университеттің негізгі миссиясы тек академиялық білім беру емес, қоғамға бейжай қарамайтын, өз ұстанымы бар, құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан сауатты тұлға қалыптастыру екенін атап өтті. Ректордың айтуынша, жастардың қоғамдық жауапкершілігін нығайту, құқықтық білімін жетілдіру және әлеуметтік бастамаларға тарту бағытындағы жұмыстар университетте тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, оқу ордасында ұйымдастырылатын пікірталас алаңдары, ашық кездесулер және ақпараттық-түсіндіру форматындағы іс-шаралар жастардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың қоғамдық мәселелерге сыни көзқараспен қарауына ықпал ететінін жеткізді. Мұндай бастамалар студенттердің азаматтық ұстанымын нығайтып, елдегі демократиялық үрдістерге саналы түрде араласуына жол ашатынын да тілге тиек етті.

Кездесу барысында жастардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуы мен олардың электоралдық сауаттылығын арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының» сектор меңгерушісі, Тараз қалалық жас сайлаушылар клубының төрағасы Дархан Байпақ өңірде жастардың қоғамдық бастамаларға қатысу деңгейін арттыруға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Ол жастар арасында сайлау туралы түсіндіру жұмыстары, ақпараттық кездесулер мен пікір алаңдары тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқанын айтып, бұл бастамалардың жастардың қоғамдық-саяси көзқарасын қалыптастыруға оң әсер ететінін жеткізді. Ал, Сарысу аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, аудандық жас сайлаушылар клубы төрағасының орынбасары Мадина Пірімбек жастармен жүргізілетін жұмыстың өңірлік деңгейдегі маңыздылығына тоқталды. Ол шалғай елді мекендердегі жастардың да қоғамдық бастамалар мен сайлау үдерістерінен тыс қалмауы қажеттігін айтып, ақпараттық-ағартушылық жобалардың жастардың қоғамдық үдерістерге қызығушылығын күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жастар арасында құқықтық білімді кеңінен насихаттау демократиялық құндылықтарды орнықтырудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті жанындағы Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы, облыстық жас сайлаушылар клубының мүшесі Ерасыл Сырымұлы қазіргі таңда жастардың қоғамдық бастамаларға араласуын қолдау ерекше маңызға ие екенін айтты. Студенттердің құқықтық және электоралдық білімін жетілдіруге бағытталған жобалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы олардың жауапты азамат ретінде қалыптасуына оң әсер ететінін жеткізді.

Жиын барысында жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік байланысты жаңа деңгейге көтеретін маңызды құжатқа қол қою рәсімі өтті. Атап айтқанда, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті және Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум рәсімделді.

Меморандум аясында тараптар білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тәжірибе алмасу, жастар саясатын қолдау және студенттердің қоғамдық белсенділігін арттыру бағыттарында бірлескен жұмыстар жүргізуге келісті. Аталған әріптестік студент жастардың кәсіби дамуына, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және заманауи талаптарға сай бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына оң ықпал ететіні атап өтілді.

Кездесу соңында қатысушылар көтерілген маңызды мәселелер бойынша өзара пікір алмасып, өз ұсыныстарын білдірді. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.