Жаңалықтар

«АЙША БИБІ» ӘЙЕЛДЕРДІҢ КӨШБАСШЫЛЫҚ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

Университет қабырғасында «Айша бибі» әйелдердің көшбасшылық мектебінің ашылу салтанаты өтті.  Ұйымдастыру комитеті: Дулати университеті және AMANAT партиясының Жамбыл облыстық филиалы.

Мектептің мақсаты – әйелдердің басқарушылық қабілеттерін дамыту арқылы көшбасшылық дағдыларын жетілдіру.

Жиынға партия жанындағы Әйелдер қанатының мүшелері, «Әйел аманаты» жобасы аясында іріктелген 100-ге жуық қатысушы, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қоғам қайраткерлері қатысты.

«Айша бибі» әйелдердің көшбасшылық мектебі – партияның «Айша бибі» өңірлік бастамасы аясында жүзеге асырылып отырған жоба. Сонымен қатар, жоба өңірлік және жергілікті деңгейде бәсекеге қабілетті әйел кадрларын дайындауға, қоғамдағы гендерлік теңгерімді нығайтуға ықпал етеді.

Ашылу салтанатында «Айша бибі» әйелдердің көшбасшылық мектебінің оқу бағдарламасы таныстырылды. Бағдарлама көшбасшылық теориясының негіздерін, жеке даму, коммуникация, шешім қабылдау және қоғамдық белсенділік бағыттарын қамтиды. 

Сонымен қатар, Дулати университеті мен AMANAT партиясының Жамбыл облыстық филиалы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. 

AMANAT партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Ынтықбаев құттықтау сөз алып, жобаның өңірдегі маңыздылығын атап өтіп, оның әйелдердің көшбасшылық және кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталғанын жеткізді. Ол қатысушыларды белсенділік танытуға, өз әлеуетін толық ашуға және тәжірибе алмасу арқылы жаңа шешімдерді игеруге шақырды. Сондай-ақ, жоба аясындағы ынтымақтастықтың өңірлік деңгейде маңызды екенін ерекше атап, қатысушыларға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді. Ал, Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рыскуль Құдретуллаева «Айша бибі» көшбасшылық мектебінің оқу бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын таныстырды. Ол теориялық сабақтар мен практикалық тренингтердің қатысушылардың кәсіби дамуына және көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге қалай ықпал ететінін түсіндірді. Сонымен қатар, жобаның қатысушыларға өз қабілеттерін шыңдауға, белсенділік танытуға және жаңа тәжірибелерді игеруге мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

Жиын барысында табысты әйелдер қатысушыларға мотивация беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Мамандардың әңгімелері шабытқа толы болып, қатысушылардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, кәсіби дағдыларын жетілдіруге деген ынтасын арттырды. Сонымен қатар, тәжірибелі спикерлердің мысалдары қатысушыларға жаңа идеялар ұсынды, шешім қабылдау дағдыларын қолдану жолдарын көрсетті және өз әлеуетін толық ашуға бағыттайтын серпін берді.

Салтанатты жиыннан соң, көшбасшылық мектебінің алғашқы оқу модулі басталды. Қатысушылар теориялық сабақтардан бөлек, практикалық тапсырмаларды орындап, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған арнайы тренингтерге қатысты.

Жиын соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.