Жаңалықтар

АКАДЕМИЯЛЫҚ КІТАПХАНАЛАРДЫ ДАМЫТУ АЯСЫНДА «IRBIS» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

Университет қабырғасында «Академиялық кітапханаларды дамытудағы заманауи трендтер» атты XIII Халықаралық конференцияда «IRBIS» мектебінің ашылуы өтті.

Жиынның мақсаты – академиялық кітапханалардың цифрлық трансформациясын қолдау, заманауи ақпараттық технологияларды енгізу және сала мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыру.

Жиынға кітапхана саласының мамандары, ғылыми қауымдастық өкілдері және ақпараттық технологиялар сарапшылары қатысты.

Ашылу салтанатында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөз алып, жиынның маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде, «IRBIS» мектебінің академиялық кітапханаларды дамытудағы рөлін атап өтіп, мұндай халықаралық алаңдардың кәсіби қауымдастықты біріктіріп, тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік беретінін жеткізді. Сонымен қатар, кітапхана саласының цифрлық трансформация кезеңіне өтіп жатқанын айтып, жаңа технологияларды енгізудің маңызын атап өтті. Ректордың айтуынша, бұл бастама халықаралық әріптестікті нығайтып, кітапханаларды білім мен инновация орталығына айналдыруға ықпал етеді.

«IRBIS» мектебі кітапхана-ақпараттық саланың заманауи дамуына бағытталған маңызды кәсіби алаң ретінде ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында кітапхана үдерістеріне жасанды интеллект технологияларын енгізу, автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйелерді дамыту, цифрлық сервистерді жетілдіру және кітапхана қорларын тиімді басқару мәселелері қарастырылды.

Жиын барысында Ресей Федерациясының жетекші ғылыми ұйымдарының өкілдері мен халықаралық сарапшылар заманауи цифрлық шешімдер бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, «IRBIS 64» және «БАРЫС» автоматтандырылған кітапханалық жүйелерінің мүмкіндіктері мен интеграциялық шешімдері таныстырылды.

Тәжірибелік бөлім ерекше форматта өтті. Қатысушылар нақты кейстермен жұмыс істеп, кәсіби жағдайларды талдады. Электрондық каталог жүргізу, библиографиялық жазбаларды түзету және толықтыру бойынша практикалық дағдылар жетілдірілді. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің талаптарына сәйкес есептілікті автоматтандыру мәселелері қарастырылып, 691 және 900 өрістерін толтыру тәсілдері түсіндірілді. Сонымен қатар, цифрлық кітапханаларды дамыту бағыттары да кеңінен қамтылды. Веб-модульдер, электрондық кітапханалар және мобильді сервистерді енгізу мәселелері талқыланды. Кітапхана қорларын толықтыру үдерістеріне ерекше назар аударылды.

Үш күнге жоспарланған «IRBIS» мектебі алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастырады. Қатысушыларды практикалық сабақтар, семинарлар және кәсіби пікірталастар күтіп тұр. Басқосу кітапхана саласының дамуына жаңа серпін беріп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.